ЖУАЛЫДА МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

0

Биыл аудан көлемінде білім беру саласында екі бірдей жаңа мектептің құрылысы басталды. Атап айтқанда, тұрғындар көптен күткен білім ошақтарының заманауи жаңа ғимараттары Ақсай ауылдық округінің Диқан және Қызыларық ауылдық округінің Алатау ауылдарынан бой көтеруде. Жыл сайын Ақсай ауылдық округінің және аудан әкімінің Диқан ауылы тұрғындарының алдында есеп беру жиындарында үнемі көтерілетін проблемалардың бірі осы Диқан ауылынан жаңа мектеп ғимаратын салу мәселесі десек, артық айтпаймыз. Сәтін салса, алдағы екі жыл көлемінде осы олқылықтың орны толғалы отыр.

Биыл бой көтереді деп жоспарланған №27 Диқан орта мектебінің 180 орындық жаңа ғимаратының құрылысы осыдан үш апта бұрын басталды. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметінше, 2021-2022 жүзеге асырылатын бұл құрылыс жобасының жалпы сметалық құны – 594 миллион 176 мың теңгені құрайды. Тапсырыс беруші Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы. Ағымдағы жылдың сәуір айының аяғында басталған жаңа мектеп құрылысы 2022 жылдың маусым айының соңында аяқталады деп күтілуде.

Ал, облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты Жуалы аудандық білім бөлімі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, құрылысты жүргізуге 2020 жылдың желтоқсан айының 30-шы жұлдызында мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс жарияланған екен. Конкурстың жеңімпазы сәуір айының басында анықталған. Атап айтқанда, конкурс жеңімпазы тараздық «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жобаны 478 миллион 300,4 мың теңгеге ұтып алып отыр. Құрылысты жүргізуге биыл облыстық бюджеттен 80 миллион теңге бөлінген. Ал бұған дейін Диқан ауылына кіреберіс оң қапталдан мектеп құрылысын жүргізуге арналған 2,5 гектар жер анықталып, заңды түрде оның мемлекеттік актісі алынған.

Қазіргі таңда мектеп құрылысының басына жұмысшылар тамақтанатын және құрылысқа қажетті материалдар мен құрал-саймандар сақтайтын арнайы контейнерлер әкелінген. Екі жарым гектар аумаққа салынып жатқан мектеп құрылысының жалпы көлемі (ұзындығы) 57 метр, ал ені 18 метрді құрайды. Жоба бойынша үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы (қосалқы жайларды қосқанда) 815 шаршы метрді құрайды. Қазір мұнда негізгі ғимарат салынатын орынның табаны төрт метр, 10 сантиметрге дейін төмендетіліп қазылып, іргетас құюға орын жасалуда.

-Құрылыс 26-шы сәуір күні басталды. Ғимарат орналасатын орынды арнайы техникамен қазып, төмендеттік. Оны ауыр техникамен қайта таптап шығып, оның үстіне іргетастың орнын жасап жатырмыз. Негізгі іргетас құйылмас бұрын оның астына 10 сантиметр қалыңдықта бетон құйылады. Сәтін салса, осы аптада ғимараттың іргетасы басталады. Атап айтар болсам, мектеп құрылысына негізінен сертификатталған отандық құрылыс материалдары қолданылуда. Мысалы, арматура Тараз қаласындағы «Тараз Метал Инвест» ЖШС-ның өнімі болса, дайын бетон «Ғимарат Темір Бетон» ЖШС-нан келеді. Ғимараттың іргетасын құйып болған соң кірпіш қалау жұмыстары басталады. Құрылысқа қолданылатын күйдірілген қызыл кірпішті Жуалы ауданының Бәйтерек ауылындағы кірпіш зауытынан жеткізетін боламыз.

Жұмысшылар құрамына келер болсақ, қазір құрылыс басында Тараз қаласынан 25 адамнан құралған бір бригада жұмыс істеуде. Атап айтқанда, негізінен арматуршы және темір ұсталары, бетон құюшылар және кірпіш қалаушылар бар. Ал инженерлік жүйелер мен электр желілерін жүргізу үшін басқа да арнайы мамандар жұмысқа тартылып, орта есеппен мұнда 35-40 адам жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы мекемесі арқылы жергілікті азаматтарды да жұмысқа тарту ойда бар,- дейді «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-ның прорабы Ғалымжан Тойбаев.

Мектеп құрылысының бас мердігері «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС болса, жобалаушы және авторлық қадағалаушы мекеме «ҚазСтройСейсмоПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал «АКГЕМ-СТРОЙ» ЖШС мұнда техникалық қадағалаушы қызметін атқаруда. Құрылыс прорабы Ғ.Тойбаевтың айтуынша, құрылысты техникалық қадағалаушы мекеменің жауапты мамандары мұнда күнара келіп, құрылыстың барысын бақылап, қадағалап отырады екен. Алдағы уақытта мұнда жүккөтергіш, жүктиегіш, жүк көліктері, коток, бетон араластырғыш сияқты арнайы техникалар әкелінетін болады. Бұл өз кезегінде құрылысты жеңілдетуге әрі сапалы атқаруға өз септігін тигізбек.

180 орындық үш қабаттан, үш блоктан тұратын жаңа мектептің құрылысы барысында оқу бөлмелерімен қатар әр пәнге арналған жеке кабинеттер, сонымен қатар лингафонды, мультимедиалық кабинеттер, кітапхананың оқу залы, шеберхана, зертханаға арналған кабинет, архив сақтайтын орын, асхана, акт залы және спортзал қарастырылған.
Айта кететін болсақ, Диқан ауылындағы №27 Диқан орта мектебінің ескі ғимараты 1991 жылы ауыл тұрғындарының күшімен салынған екен. Қабырғасы балшық кірпіштен қаланған бұл шағын білім ошағында 2020-2021 оқу жылында мектепалды даярлық тобы мен 11 сыныптың аралығында барлығы 219 оқушы екі ауысымда білім алуда.

Ыңғайластырылған аядай ғана мектепте сегіз ғана оқу кабинеті бар. Типтік ғимарат болмаған соң мұнда спорт залы, акт залы, асхана және зертханаға арналған кабинеттер қарастырылмаған.
Ал жаңа мектеп ғимаратының құрылысы мерзімінде аяқталса, келер жылы жаңа оқу жылында Диқан ауылының оқушылары заманауи жаңа мектепте оқитын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, аталған мектеп құрылыстарына жергілікті азаматтарды жұмысқа тарту мәселесімен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласқан болатынбыз. Мекеме директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбековтың айтуынша, Алатау орта мектебінің құрылысына жоспар бойынша 57 жұмыс орнының ашылуы межеленген. Оның 42-сі уақытша болса, 15-і тұрақты. Ал уақытша 42 жұмыс орнының 50 процентіне, яғни тең жартысы жергілікті жерден жұмыссыз азаматтарды тарту көзделген. Диқан орта мектебінің құрылысына келер болсақ, мұнда межеленген жұмыс орнының саны – 42. Оның 32-сі уақытша болса, тиісінше, 10-ы тұрақты жұмыс орны саналады. Ал 16 адам жергілікті жерден жұмысқа тартылуы керек.

-Алатау, Диқан орта мектептерінің құрылыс жобаларына тапсырыс беруші мекеме Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы. Біз де аталған құрылысқа жергілікті жұмыссыз азаматтарды орналастыруға мүдделіміз. Алайда жобаның интеграцияланған картаға енгізілмеуіне байланысты мекеме тарапынан құрылысқа жұмыссыз азаматтарды жолдай алмай отырмыз. Осы мәселе өз шешімін тапса, алдағы уақытта жоспар бойынша жұмыс жасайтын боламыз,- дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Н.Әнуарбеков.

НЫСАН ПАСПОРТЫ
Жалпы сметалық құны – 594 млн 176 мың 000 теңге
Тапсырысшы – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы
Құрылыстың басталуы – 2021 ж.
Құрылыстың аяқталуы – 2022 ж.
Нысан қуаттылығы – 180 орындық
Құрылыс жұмыстарына – 531 445,0 мың теңге
Техникалық қадағалаушы – 17 219,0 мың теңге
Жобалаушы мекеме – 5 952,0 мың теңге

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

«Жаңа өмір»

Leave A Reply

Your email address will not be published.