Танымал түлектер оқушылармен кездесті

0

Текті топырақтан тарап, туған жерге деген ыстық ықылас пен жылы лебіздерін төккен кешегі түлек – бүгінгі маман иелерінің туған елге туын тігіп, түлетуге атсалысқан жағымды жақсылықтары мен игі істері ұшан-теңіз. Түлектердің табысты да толағай өмір жолын жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың бастамасымен бастау алған «Жомарт түлек» жобасы Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылында өз жалғасын тапты.

Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектебінде өткен жомарт жандардың кездесуінде түлектердің қатысуымен 10-11 сынып оқушылары сыр-сұхбат өткізді. Сыныптар арасында өткізілген білікті маман иелерімен сұхбат арқылы оқушылардың бойында мамандық туралы түсінік қалыптасты. Қонақтар өздерінің тәжірибелерімен ой бөлісіп, қызықты әрі қиын сәттерінен сыр шертті.
Қазіргі таңда олар еліміздің түкпір-түкпірінде, әр қалада, әр салада қызмет атқарып, туып өскен ауылының абыройын асқақтатып, білім алған мектебінің мерейін үстем етіп жүрген түлектердің қатарында қайраткер Дәрия Әбіқұлқызы, белгілі дәрігерлер, жоғары санаттағы хирург Серік Тұтқышбаев пен Нұршат Бұламбаева, подполковник Дана Шупшекова, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлжан Мейірманова, ішкі істер бөлімінің қызметкері Берік Жұмабеков, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнұр Мейірманова және аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров болды.
«Мектеп түлегі – ел болашағы» атты шарапаты мол шараның шымылдығын мектептің әнші түлегі Ардақ Мелдебек «Туған ел» әнімен ашып берді. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Әлібек  Терлікбаев қатысып, іс-шараның маңызы мен құндылығына тоқталды. Киелі мекеннен шығып, аудан атына абырой арқалатқан түлектерді атап өтіп, олардың игі істерін тілге тиек етті.
Кешке әр аулан өнер саласында жүрген түлектер шақырылып, радио редактор-жүргізуші Бақытжан Жармұхамбет, айтыскер-ақын Айтбек Тұрсынбай келді. Көмейінен көркем сөз төгілген бұл түлектеріміз Жарлысудың жоталарын еске алатын, өздері шығарған өлеңдерін тарту етті.

Тағы бір айта кететіні, кеште мектеп түлектерінің арқауымен жарық көрген «Мектеп түлегі – ел болашағы» кітабының тұсауы кесіліп, жиынға келгендер куә болып қайтты. Бұл кітапты әзірлеп дайындаған білікті басшы Дархан Кеңесұлы мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбарам Ештайқызы. Жинақ кітапқа ауылдың атақты азаматтар мен танымал түлектер туралы тың деректер жазылған. Үш бөлімнен тұратын кітаптың мазмұны терең.
Жиын соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Айдарбекқызы жомарт жандар мен танымал түлектерді мақтан ете отырып, барлық түлектер қауымын алғыс хатпен марапаттады. Мектеп директоры Дархан Бұламбаев кешті қорытындылап, мектеп ұжымына, түлектерге алғысын айтты. Келген қонақтар ерекше разылығын білдіріп, демеушілік таныту арқылы өздерінің аяулы алтын ұя мектептеріне бағалы сыйлықтар сыйлады.
Ел менен жердің дамуына сүбелі үлес қосқан түлектердің игі ісі өлшеусіз. Атпал азаматтар мен талапты тұлғалардың өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Оны насихаттау – баянды бастама.

Leave A Reply

Your email address will not be published.