ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ ДӘНЕКЕРІ

0

«Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп дана халқымыз айтқандай, кез келген елдің тірегі де арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ұрпақтың амандығы – келешегіміздің кемелдігін білдіреді.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік құрылысына байланысты қоғамдық-саяси өмірде ауқымды өзгерістерді бастағандықтан, еліміз үшін этносаралық мәселе өте өзекті. Қазақстан – талай тағдырларды бір ортаға біріктірген көпұлтты мемлекет.

Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев көпұлтты елді еш кикілжің, дау-дамайсыз басқарудың тың үлгісін бар ғаламға таныта алды. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем жұртшылығына үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясын 1995 жылы құрып, бүгінгі күні қазақ елі ұлы Абайдың «адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деген қағидатын ұстанатынын дәлелдеді.

«Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы» деген Елбасы егемендігімізге қол жеткізген сәттен бастап, бүгінгі күнге дейін халықтар достығы мен ұлтаралық татулыққа ерекше назар аударылып келеді. Бұл қазақ жеріндегі өзге этностарға жасалған құрметтің анық дәлел-айғағы.
Тәуелсіздіктің жетінші жылы 1998 жыл – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жарияланды. Расында бұл жыл тәуелсіз жаңғырудың, еркін ел болудың, тарихи танымға айрықша мән беру қажеттігін ұғындырған жыл болған.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды», — деді.

Бүгінгі мемлекетімізді құрушы қазақ халқы. Ал, Тәуелсіздігіміздің баянды да тұғырлы болу ұлттар достығы мен өзара бірлігі. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір өзге ұлт өкілдері егеменді еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Бүгінде ауданымызда бірнеше этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Кеңес Одағы тұсында, одан кейінгі тәуелсіздік жылдарында ауданның дамып, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлерінің бірі, өзбек ұлтының өкілі Шәкіржан Мамаджановты аудан халқы жақсы таниды десек, артық айтпаймыз. Оның бір себебін айтсақ, Шәкіржан ағаның бабасы Мамаджан Маткаримов ауданға белгілі азамат болған екен.

Мамаджан ата әйгілі «Түркісіб» теміржолының Жуалы ауданының аумағынан өтетін бөлігін салуға басшылық жасаған кісілердің бірі болған. Теміржолдың салынуына жергілікті халықты ұйымдастырған екен. Шәкіржанның өз әкесі Хаджи Мамаджановтың да негізгі мамандығы теміржолшы болған. Ол өмірінің елеулі бөлігін теміржол саласына арнаған.
Жетпістен асқан Шәкіржан Мамаджанов жауапкершілігі жоғары, еңбекқор азамат, зейнет демалысындағы ардақты ардагер. Ол ауданымыздағы автобус паркінде қарапайым жүргізуші болып жүріп, меңгеруші қызметіне дейін жоғарылаған. Мекемедегі партия ұйымының хатшылығында ұйымдастырушы болып жұмыс істеген. Автобус паркінде 30 жылдан аса уақыт жұмыс істеген уақытында еңбек озаттарының қатарында болған. Мекемеде көп кісілермен тіл табысып, ұйымшылдықпен, ынтымақпен жұмыс жасаған. 1998 жылы Жуалы аудандық электр желілерін тарату мекемесіне жұмысқа орналасып, осы мекемеден зейнет демалысына шығады.

Ауданның өркендеуіне әрі ұлттар арасындағы татулықты ұйытуға қосқан үлесі үшін Шәкіржан Мамаджановқа 2020 жылы Жуалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Бұл — еңбектің бағаланғаны әрі десе ұлттар достығын жоғары қойғандығы.
-Менің елім – қазақ елі. Туған жерім де қазақ жері. Мен өзімнің Отанымды, туған жерімді тастап кеткім келмейді. Ұлдарым Алматы қаласына өздерімен бірге тұруға шақыруда. Бірақ мен өз үйімді, ауылымды қимаймын. Бүкіл ғұмырым осы ауданда өтті. Бала күннен бастап мұндағы болып жатқан өзгерістердің барлығы әлі күнге дейін көз алдымда. Ауданымыз жыл санап көркейіп, дамып келе жатыр.

Біздің өзара достығымыз, ынтымағымыздың беріктігі өзгермейді. Қазақ пен өзбектердің достығын атам Мамаджан мен Батыр Бауыржан Момышұлы берік жалғап кетті. Атам өте сыйлы жанның бірі еді. Оған бүкіл ауыл құрмет көрсетіп, сыйластық танытатын. Баукең менің атаммен дос болған. Қаһарман жерлесіміз Б.Момышұлы жастау кезінде аудандық партия комитетінде жұмыс істегенінде бабамның үйінде жүрген. Одан кейін жазушы Шерхан Мұртаза да үйімізге жиі бас сұғып, бабамызбен амандасып кетіп тұрған.
Біз барлығымыз бауырмыз, ағайын-туыспыз. Қазақ халқымен етене араласып, қыз алып, қыз берісіп, құдалы-құдандалы болып жатырмыз. Әрине, мұның барлығы қазақ халқының өзара татулығы, тұтастығының арқасында болып отыр.

Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы уақыт ішінде де талай белестерді бірге өткізіп, бірлігіміздің арқасында жетістікке жетудеміз. Еліміз тоқырау жылдарын да бастан өткерді. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатымен қазіргі таңда мүмкіндік көп. Тек ерінбей, еңбек ете білу керек. Бізде еркіндік бар. Тәуелсіздің алған алғашқы жылдары өте қиын болды. Елбасының көрегендігімен шекарамыз шегенделіп, төл теңгеміз өмірге келіп, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғыруда. Әр ұлттың өз мәдениеті сақталуда — дейді Шәкіржан аға.

Ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен сыйластықтың орнауына сүбелі үлес қосы келе жатқан еңбек ардагері Шәкіржан Мамаджанов бірқатар мерекелік медальдармен, Құрмет грамоталарымен және Алғысхаттармен марапатталған. Бұл да оның ауданға сіңірген еңбегіне жасалған құрмет.
-Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Ата-бабамыздан жеткен қасиетті достық ұғымын жастардың бойына сіңіру қажет. Олар да қазақ жеріндегі ұлттардың достығын көріп біліп өсулері тиіс. Кейінгі ұрпақ бірін-бірі сыйлауды, кішіпейілділік танытуды ұмытпағаны абзал. Өйткені, баршамыздың бір Отанымыз бар. Ол — Қазақстан. Ұлтаралық татулық әрдайым алдыңғы қатарға қойып жүрген Жуалы жұртшылығына алғысымды білдіремін, — деп ақ тілегін арнады ол.

Көпэтносты қоғамда этносаралық үйлесімділік сақтала отырып, Тәуелсіз елдің іргесі нық қадала бастады. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақсы ойластырылған, ықтиятты, ғылымға негізделген саясаты, саяси ерік-жігері мен көрегендігінің нәтижесі. Ұлттар достығының жарқын үлгісін жалғап келе жатқан Шәкіржан ағаның ізін еліміздің ертеңгі үміті, сенімді серігі болып табылатын жас буын Мәңгілік ел идеясын, ұлттар татулығын бойтұмар етіп сақтай білуі керек. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болары сөзсіз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Leave A Reply

Your email address will not be published.