ОТАНЫНЫҢ ДА, ОТБАСЫНЫҢ ДА ҚОРҒАНЫ

0

«Ешкім батыр болып тумайды, батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты» деп даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, патриоттық сезім әр адамның бойында қоғамда жүріп қалыптасады. Ұлттың бүгіні мен болашағы тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Патриоттық тәрбиені берудің негізгі бөлігі – әскери-патриоттық тәрбие. Жалпы патриотизм – ол адам баласының туған жерге адалдығының, сүйіспеншілігінің белгісі, ұлтшылдыққа, рушылдыққа ұласпаған, парасатты ойынан туатын асыл қасиет Отанына, туған тіліне, дініне, салт-дәстүріне деген перзенттік махаббатының, еліне деген құрметінің белгісі.

Көлбастаулық Қалмахан Разымбетов өмірін әскери саламен байланыстырған азамат. Қалмахан Уәлиханұлы 1986 жылы аталған ауылда дүниеге келген. №13 А.Гайдар атындағы орта мектепті 2003 жылы бітірген. Одан кейін Тараз политехникалық колледжіне радиотехника және радиобайланыс мамандығына оқуға түсіп, оны 2006 жылы тамамдаған. Осы жылы мамыр айында ҚР Қарулы күштері қатарына мерзімді әскери қызметке шақырылады. Маусым айында 30212 әскери бөлімде ант қабылдайды. Мерзімді әскери қызметті Қордай ауданындағы Отар станциясында өтейді.

Ол мерзімді әскери қызметте жүріп, алғашында әскери бөлімнің курсанты болады. Кейін жақсы тәртібі мен жауынгерлік тапсырмаларға деген ерекше жауапкершілігінің арқасында бір жыл уақыт шамасында әскери бөлімнің техникалық қызмет көрсету взводының маманы қызметін атқарады. 2007 жылы мерзімді әскери қызметі аяқталып, запасқа шығады.
Қалмаханның алғашқы еңбек жолы туған жерінде басталады. Аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөліміне келісімшартпен қызмет етуге қабылданады.Әскери бөлімде алғашқы жылдары мотоатқыштар ротасының 2 бөлімшесінде механик-жүргізуші болып, ең төменгі лауазымнан бастайды. Одан кейін бөлімше командирі қызметін атқарады.

2010 жылы таулы атқыштар ротасының бөлімше командирі, взвод, рота сержанты болады. Сонымен осында қызмет етіп жүріп, 2017 жылы жүк арту көлік ротасында автокөлік взводының командирі болып ауысып, бүгінгі күнге дейін осы қызметті атқаруда. Взводтың мақсаты — барлаушыларға оқ дәрі және барлаушылардың өзін таулы аймақтарға жылдам әрі уақтылы жеткізу.
-Әскери қызметші болу — бала кездегі арманым болатын. Әскери киім киіп, сарбаз секілді сапта сақадай-сай тұруға қызығатынмын. Мектеп қабырғасында да құрама взводта болып, түрлі жарыстарға қатыстық.

Әскери және төтенше жағдайлар саласындағы ағаларымыз бар. Соларға қарап бой түзеп, әскери киімдерін киіп, балалық көңілмен қызықтайтынмын. Сол арман мені Отан алдындағы борышымды өтеуге жетеледі.
Әскер қатарына шақырылып, мерзімді әскери қызметті атқарған сәттер де өзінше қызықты күндер. Нағыз ер азамат ретінде сапқа тұрып, шыңдалып, әскери тәртіпке үйреніп, борышымды өтедім. Мерзімді әскери қызметімді өтеп болған соң басшылар тарапы Отар қалашығында қалуға ұсыныс тастады. Бірақ мен туған жеріме, ауылыма келіп қызмет етуді жөн санадым. Шүкір, аудандағы әскери бөлімде ең төменгі қызметке тағайындалып, мінсіз қызметім үшін шен беріліп, жыл санап қызметіміз біртіндеп өсуде.

Адамның өмірінде қызықты сәттері көп қой. Әскери өмірдің қиындығы мен қызығы да бар. Дегенмен ер азамат үшін әскери қызметтің ешқандай қиындығы болмауы керек. Ер азамат барлық сынаққа күш-жігерімен мойымай төтеп беруі тиіс. Жерлесіміз, Батыр Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп айтқандай, сұрапыл соғыста, қан майданда ата-бабамыз жауға еш беріспей Отанын қорғаған. Ал, бейбіт тыныш заманда қасиетті борышымызды өтемеу ер азамат үшін сын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуатты армия – ел тірегі» деп биыл ұран тастап отыр. Осы ұран баршамыздың жүрегімізде сақтаулы. Қуатты армияны ұдайы ұстап отыруға атсалысып отырмыз, — дейді Қалмахан Уәлиханұлы.

Оның әскери қызметтегі жеткен жетістіктері мен үлгілі тәртібін ескерген басшылық түрлі марапаттарға ұсынады. Қалмахан Уәлиханұлына кіші сержант, сержант, аға сержант және 3-ші дәрежелі сержант әскери шендері беріледі. Ол «Оңтүстік өңірлік қолбасшылығына — 10 жыл», «Бауыржан Момышұлы-100», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне — 20 жыл», «91678 әскери бөліміне — 20 жыл» және «3-ші дәрежелі», «Мінсіз қызмет үшін» наградаларымен марапатталған.

-Ер азамат болып дүниеге келген соң міндетті түрде әскерге баруы тиіс. Ер жігіттің сарбаз болып қызмет атқаруы еліміз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан Отан алдындағы борышын өтеп, бойында Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезім жоғары болуы тиіс. Әскер қатарында болған ержігіт ешкімге жалтақтамай, қиындыққа да берілмейтіні сөзсіз.
Отан қорғаушы Антына берік, ержүрек, білекті, рухы биік болуы тиіс. Қазақта «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген жақсы сөз бар. Тек білектің күшіне емес, ақыл-ойдың ұшқырлығы мен озықтығы қажет. Тез шешім қабылдап, тапсырманы уақтылы орындап, шапшаң әрі жылдам болу керек.

Бала отбасында дұрыс тәрбиеленіп, ата-анасы ұлына кішкентайынан оның болашақ Отан қорғаушы екенін құлағына құя білсе, нұр үстіне нұр .
Әскери борышын өтеуге үйрету қоғамнан басталады. Қазіргі таңда қоғамда әскерге бармай, жалтаратын азаматтар көп. Олар тәртіпке бағынғысы келмей, қиындыққа төзе алмауынан жеңілдің үстімен жүруді қалайды.
Мені алаңдатыны, далада балалардың доп теуіп, асық ойнамауы, атқа мінбей, қолдарындағы сымсыз телефонға байланулары.

Отан мен үшін кең-байтақ жерім, Тәуелсіз елім, үйім, тілім, дінім. Халқыңа, Отаныңа қызмет етпесең, Отаныңнан айырыласың. Тіліңді, дініңді сақтамасаң, ұлт бола алмайсың. Сондықтан әр адам туған жері, Тәуелсіз Қазақстан үшін мінсіз қызмет ете білуі тиіс,- дейді ол.
Әскери қызметкер отбасында жары мен ұлдарының асқар таудай тірегі. Қалмахан байзақтық Аяужан Ерғалиқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде көпбалалы отбасы атанып отыр. Олардың отбасында Нұрас, Ерсұлтан, Жаннұр және Мансұр есімді ұлдар өсіп келеді. Балаларының алды мектеп оқушылары болса, кенжелері сегіз айлық сәби.
«Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан шығады?» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

Адам жасанды емес, шын ықыласпен патриот болғанда ғана елге пайда әкеледі. Ал, патриотизм – әр азамат өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде, қазақ жерін өзінің туған елі, Отаны деп есептегенде ғана қалыптасады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Leave A Reply

Your email address will not be published.