Шуда спортсүйерлар саны артып келеді

0

Еліміздегі карантиндік шектеулерге қарамастан халықтың мәдени тыныстауы назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мәселен үстіміздегі жылдың 4 айында Шу ауданында тиісті санитарлық талаптарды сақтай отырып 226 мәдени-көпшілік шаралар өткізілген. Оған 24 мыңға жуық көрермен қамтылыпты.

Жалпы, ауданда мәдениеттің дамуына, мәдениет нысандарының көптеп ашылып, жұмыс істеп тұрғандарының тұрақты жаңғыртылып отыруына көп мән берілген. Осы ретте апатты жағдайдағы 2 және ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан 2 ауылдық клубтардың құрылысын жүргізуге қажетті құжаттар дайындалып, бюджеттік өтінім берілген. Сондай-ақ, ағымдағы жылға облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Д. Қонаев ауылындағы 180 орындық клуб құрылысын жүргізуге және Балуан Шолақ ауылдық клубы мен аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді.

Сол секілді, дене шынықтыру және спорт саласының кенжелеп қалмауына да назар аударылып келеді. Осы орайда жылдың басынан 26 спорттық шара өткізіліп, 1 342 адам іс-шараларға тартылған. Нәтижесінде, тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар тұрғындар санының 33,8 пайызын құрап, 34 715 адамға жеткен.

Қол жеткізген нәтижені арттыра түсу мақсатында биыл Шу қаласы мен Төле би ауылында замануи үлгідегі 4 спорт алаңшасы пайдалануға беріліпті. Жыл соңына дейін Шоқпар, Ақтөбе ауылдарында және Шу қаласы Қант зауыты мөлтек ауданында осындай алаңшалар ашылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.