Шуда 80 пәтерлік 3 тұрғын үй салынады

0

Тұрғындар саны өсіп келе жатқан Шу ауданындағы өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үймен қамту. Қазіргі уақытта аудан бойынша тұрғын үй алу үшін кезек тізімінде  1 534 азамат тіркелген. Аталған мәселесін шешу бағытында Шу қаласы «Жетісу» ықшам ауданындағы 80 пәтерлік 3 үйдің құрылысына қаржы бөлінді. Аудан әкімі Нұржан Календеров осының арқасында кезекте тұрған 240 азаматтың тұрғын үй мәселесі шешілетінін айтады.

– Сондай-ақ, тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 5 906 азамат тұр. Олар – Шу қаласында – 4 082, Төле би ауылында – 1 534, Алға ауылында – 290 азамат. Қазіргі уақытта Алға ауылында 25 га тұрғын алқапты электр желісімен және ауыз сумен қамту жұмыстары аяқталған, жер учаскелерін үлестіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Төле би ауылындағы 147,73 гектар  тұрғын алқапқа электр желісі жүргізілген, сумен қамтамасыз етуге 688 миллион теңге қаражат бөлініп, мердігермен   келісім-шарт жасалынды, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады, – дейді аудан басшысы.

Сол секілді Шу қаласындағы 258,7 га тұрғын алқапқа да электр желісі жүргізілген, көше жолдарын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыз су құбырын тартуға бюджеттік өтінім берілген. Жоба бойынша құны 981,6 миллион теңге болады деп күтілуде. Жалпы, бұл жылдың соңына дейін Төле би, Алға ауылдарынан  кезектегі жалпы саны 1 074 азаматқа жер телімін беру жоспарланып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.