Павлодар тұрғыны қаланың қақ ортасында асфальт астына түсіп кетті (видео)

0

Павлодарда жұмысқа бара жатқан ер адам асфальт астына түсіп кетті. Азамат қаланың қақ ортасында орналасқан Назарбаев даңғылында ойылған жерге құлаған. Ол желіде оқиға орнынан видео жариялады. Қала тұрғыны өзі зардап шекпеген. Алайда, ұялы телефонын зақымдаған. Орын алған жағдайға қатысты Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаға сәйкес, ер адам Назарбаев даңғылы мен Чокин көшесінің қиылысында жер астына түсіп кеткен. Қала тұрғыны өзі зардап шекпеген. Алайда, оқиға нәтижесінде қалтасында болған ұялы телефондарының бірі енді қолдануға жарамсыз болып қалғанын айтты.

Оның сөзінше, смартфон екіге бөлініп қалған. Бұл жайт бірден павлодарлықтардың наразылығын тудырды. Бірі көшелердің таза емес екенін, жарық тартылмағанын айтса, енді бірі бағдаршам жұмысындағы ақауға назар аударды. Арасында зардап шеккен павлодарлыққа жауапты адамдарды сотқа тартып, моральдық және метериалдық залалды өндіріп алуға кеңес бергендер де болды.

Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметі орын алған жағдайға қатысты пікір білдіріп, оның себебін түсіндірді. «2021 жылдың 6 мамырында гидравликалық сынақ жүргізу кезінде диаметрі 219 мм жылумен жабдықтау желісінің бүлінгені анықталды. Соған байланысты Назарбаев даңғылындағы жаяужолдың астындағы топырақ шайылған, содан шұңқыр пайда болған.

Қазір құлаған жерге қоршау қойылды. Коммуналдық қызмет топырақтың қаншалықты шайылғанын анықтау үшін осы учаскедегі жаяужолды тексереді. Содан кейін қалпына келтіріледі», — деді әкімдік өкілдері.

NUR.KZ

Leave A Reply

Your email address will not be published.