Солтүстік Қазақстанда алапат өрттің салдарыннан бүтін бір ауыл жанып кете жаздады

0
Еліміздің солтүстігінде алапат өрттің салдарынан бүтін бір ауыл түгелімен жанып кете жаздады,

Қызылжар ауданындағы Желяково ауылының маңында қураған шөп тұтанып, қызыл жалын елді мекенге жайылып, алты үй түгі қалмай жанып кетті. Тұрғындардың қорадағы ұсақ малдары да тірідей өртеніп, қырылып қалған. Владимир Зебольд алапат өрттен зардап шеккендердің бірі.

Қызыл жалын әп — сәтте үйдің шатырына жайылған кезде шырт ұйқыда жатқан азаматты көршісі келіп оятыпты. Ауладағы тракторына мініп қашқан ол, үйінің бірнеше минуттың ішінде түгі қалмай жанып кеткенін айтады. Баспанасынан бөлек қора-қопсы, гаражы, құжаттары мен киім-кешегі күлге айналған.

«Қорада 4 шошқа мен 20 құс бар еді. Оларды шығарып үлгермегендіктен тірідей жанып кетті. Өрісте жүрген малдар ғана тірі қалды», — дейді  Желяково ауылының тұрғыны Владимир Зебольд.

Тұрғындар ауылға өрттің даладан келгенін айтады. Жолдың жиегіндегі қураған шөпті жағып жіберген адамның әрекеті үлкен трагедияға әкеле жаздады дейді ауылдықтар. Сөздерінше, секундына 30 метрге дейін жететін қатты желден қызыл жалын айналдырған он минуттың ішінде бүкіл ауылға таралып кеткен.

Ал өрт сөндірушілер көмекке жарты сағаттан кейін ғана келгендіктен, тілсіз жаумен тұрғындар өз күштерімен арпалысқандарын айтады. Төтенше жағдай кезінде бірнеше бұзау, ондаған ұсақ мал мен жүзге жуық құс қырылып қалған.

«Алты адам зардап шеккен. Олардың құжаттарын қайта рәсімдеуге көмектесіп, далада қалған отбасыларға 100 айлық есептік көрсеткіш қаржы береміз. Қора-қопсыларын салып, үйлерін тұрғызып беруге бүкіл ауданның тұрғындары көмектеседі. Оған арнайы шот аштық. Көпшілік әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге қаржы жинап көмек қолын соза бастаған. Одан бөлек, азық-түлік, киім кешек пен жиһаздарын әкеп беріп жатқандар көп», — дейді Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов.

«Көмек ретінді біз орындық, үстел және киім -кешектер әкелдік. Оразада мұқтаж жандарға көмектесу біздің парыз», — дейді Петропавл қаласының тұрғыны Жансұлу Ешкен.

Полиция бөтен біреудің мүлкін бүлдіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір елді мекеннің маңындағы қураған шөп пен қамысты өртегендер іздестіріліп жатыр.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.