Шымкентте көпбалалы аналар әкімдік ғимараты алдына түнеді

0

Шымкентте көпбалалы аналар қала әкімдігі ғимаратының алдына түнеп шықты. Топтасқандардың айтуынша, олар мұнда сәрсенбінің таңынан бері жүр. Талаптары – шаһар басшысымен жолығу. Араларында аяғы ауыр келіншек, тіпті төрт айлық баласын қолына ұстағаны да бар, — деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Пәтерден пәтерге көшіп шаршадық дескендер баспана кезегі жеткенше уақытша паналайтын орын тауып беруді сұрайды.

– Менің кезегім жақындап тұр. Бірақ пәтер дайын емес. Қазір 20 шаршы метр жерде сегіз адам тұрып жатырмыз. Бізді бес-алты баласымен ешкім пәтерге алғысы келмейді. Сондықтан уақытша баспана берсінші. Әкімдіктің балансында бос пәтерлер барын білеміз ғой, – дейді көпбалалы ана Раушан Жанарова.

– Неғып жүрсіңдер, талаптарын не деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Ешкім тыңдамағасын тұрмыз, міне. Мен өз басым балалар үйінің тәрбиеленушісімін. 1998 жылдан бері әлі баспана алмағанмын. Бес балам бар. 2006 жылы бірінші рет үй кезегіне тұрғанда журналға қолмен жазатын. Оны жоқ қылды. 2014 жылы қайтадан тұрдым кезекке. Бірақ әлі бұйыратын түрі жоқ, – дейді көпбалалы ана Гүлзада Дүтбаева.

Көпбалалы аналардың талабын тыңдаған жауапты сала өкілдері шаһарда баспана кезегіне тұрушылардың саны артқанын алға тартты. Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары көпбалалы аналарға жуырда 106 пәтер берілгенін айтты. Жыл соңына дейін жалпы 444 пәтер тапсырылмақ екен. Ал уақытша баспана беру деген заңда жоқ деді.

– Тұрғын үй қатынастары заңы бойынша уақытша баспана көзделмеген. Оны біз бере алмаймыз, тек кезек ретімен ғана тұрғын үй мәселесі шешіледі. Қазіргі таңда әлеуметтік әлсіз топ жағынан 2012 жылдың мамыр айынан бастап тұрған азаматтарды енді қамтып жатырмыз, – дейді Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Балықбаев.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.