Қырғыз-тәжік шекарасында жағдай шиеленісе түсті: атыс басталды

0

Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай шиеленісе түсті

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі баспасөз қызметінің мәліметінше, екі елдің әскери бөлімшелері арасында атыс басталды.

«Тәжік тарапы мемлекеттік шекараның қырғыз-тәжік бөлігінде әдейі қақтығыс тудырып, жағдайды ушықтырып жатыр. Тараптардың әскери бөлімшелері арасында атыс басталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, тәжік тарапы минометтерді орналастырып жатыр», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Шекарашылар өзара іс-қимыл жасайтын органдармен және жергілікті билік органдарының өкілдерімен бірлесіп жағдайды реттеу бойынша қажетті шаралар қабылдап жатыр.

«ҚР шекара қызметі тәжік әріптестерін қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының осы учаскесіндегі жағдайды тұрақтандыру барынша күш салуға шақырады», — деді олар.

Сонымен қатар, Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті бейсенбіде қырғыз әскерлері су тарату пунктінде тәжік шекарашыларына оқ жаудырғанын мәлімдеді.

«Оқиға қырғыз тарапы соңғы күндері Тәжікстанмен бұрын келісілген екіжақты келісімнің шарттарын бұзғаннан кейін және «Головной» су тарату пунктін басып алуды жоспарлаған соң басталды», — деп хабарлайды РИА Новости ТР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қоғамдық байланыстар орталығына сілтеме жасап.

Қырғызстанның ҰҚК Шекара қызметі тәжік әріптестерін жағдайды ушықтырды деп айыптап, бұл мәлімдемеге жауап берді.

«Головной» су тарату торабы Қырғыз Республикасының стратегиялық нысаны және ол Қырғызстан аумағында орналасқан. Тәжікстан Республикасы ҰҚК Шекара әскерлері басшылығының бұл су тарату торабы Қырғыз КСР кезінде салынғаны туралы тарихи деректерді білмеуі таңғалдырады.

Тарихи деректерді әдейі бұрмалап, Тәжікстан ҰҚК Шекара әскерлері бейбіт тұрғындарды қанды әрекеттерге итермеледі, осылайша өздерінің дәрменсіздігі мен мәселелерді бейбіт жолмен шешкісі келмейтінін көрсетті. Тәжік күш құрылымдарының мемлекеттік шекара сызығының маңында қосымша қорғаныс құрылыстарын тұрғызуы, сондай-ақ шекара маңындағы аудандар халқын Қырғызстан азаматтарына қарсы заңсыз іс-қимылдарға итермелеу қырғыз тарапын алаңдатады», — деді қырғыз шекарашылары.

Сонымен қатар, қырғыз тарапы бейбіт азаматтардың жарақат алуына тәжікстандық ҰҚК жауапты екенін мәлімдеді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қалыптасқан жағдай бойынша Үкімет мүшелерімен жедел кеңес өткізді.

«Жедел кеңес қорытындысы бойынша бірінші вице-премьер-министр Артем Новиков бастаған жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Сыртқы істер министрлігінің алдына дипломатиялық арналар арқылы ахуалды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі жұмысты жалғастыру міндеті қойылды», — деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі өкілдері.

tengrinews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.