Жамбылда нан қымбаттады

0

Жамбыл облысында 1 сұрыпты ұннан жасалған бөлке нанның бағасы 85 теңгеден 90 теңгеге көтерілді.
Нан бағасының қымбаттауына солтүстік өңірдегі бидай бағасының 75 теңгеден 95 теңгеге және 1 сұрыпты ұнның 110 теңгеден 125 теңгеге дейін өскені әсер етуде.
Бүгінгі күні облыстағы негізгі ірі наубайхана басшыларымен қабылданған арнайы келісім бойынша нан өндірісіндегі жағдай зерделеніп, наубайханалардың шығындары тексерілді. Нәтижесінде Тараз қаласы мен облыс орталығына жақын маңдағы аудандарда бөлке нан бағасының 5 теңгеге көтерілуіне негіз бар екені анықталды.
Бұған дейін ұнның нан бағасына берер әсерін тежеу үшін 2019 жылдың 5 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін тұрақтандыру қорынан төмендетілген бағада наубайханаларға ұн босатылып келген болатын. Осылайша өткен 2020 жылы және ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір аралығында 3,5 мың тонна ұн босатылды. Соңғы екі жыл ішінде нан бағасын тұрақтандыру шараларына жергілікті бюджет есебінен 98 млн. теңгенің шығындары өтеліп берілді.
Айта кету керек, өңірде өндірілетін астық ұны сапа көрсеткіштеріне сәйкес нан өндірісінде қолданылмайтындықтан, облыстағы нан бағасы Солтүстік өңірден жеткізілетін ұн мен бидай бағасына тәуелді.
Алдағы уақытта Солтүстік нарықтағы тұрақталған ұн бағасына сәйкестендіру үшін нанның бағасы 90 теңгеден аспайтын болады.
Жалпы облыстағы нанның орташа бағасы республикалық ең төменгі (орташа республикалық баға 95 теңге/0,6кг) бағалар (басқа өңірлердіге баға 95-105 теңге аралығында) қатарында қалады.
Бұл ретте тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік дүкендерге бұрынғыша 75 теңгеден нан босатылатын болады. Сонымен қатар, Корзина, Смалл, Нурислам, Дәмдес, Гаухар, Фиркан, Сафият, Алма сияқты ірі сауда кешендеріндегі нан бағасын көтермеу жөнінде наубайхана мен аталған сауда үйінің басшылары өзара келісім жасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.