Олжас Қаржауов аудандық филиалдың төрағасы болып сайланды

0

Облыста «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық және аудандық филиалдарының есеп беру-сайлау конференциялары басталды. Саяси құрылымның соңғы 2 жылда атқарған жұмысының қорытындысы шығарылып, алда тұрған межелі міндеттер сөз болатын жиындар алғаш болып Жуалы, Меркі аудандарында ұйымдастырылды.
Жуалы ауданындағы Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде өткен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ХХIX есеп беру-сайлау конференциясында партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мейірбекұлы сөз алып, партия Жуалы аудандық филиалының төрағалығына партия мүшесі, Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауовтың кандидатурасын ұсынды. Конференция делегаттарының ортақ шешімімен Олжас Есалханұлы «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.
Мұнан соң партия Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп, саяси ұйымның бастамасымен соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Партияның Жуалы аудандық филиалына қарасты 19 бастауыш партия ұйымы, 112 партиялық топ бар. Оларда 4564 партия мүшесі есепте тұрады. Тек ағымдағы жылдың І тоқсанының өзінде партия облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай партия қатары ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік саласында қызмет жасайтын 75 мүшемен толықты.
Есепті кезеңде партия аудандық филиалының 5 кезектен тыс конференциясы, 4 Саяси кеңес пен 15 Саяси кеңес Бюросы отырыстары өтті. Соңғы 2 жылдағы филиал жұмысындағы жаңа леп әкелген шара ретінде «Nur Otan» партиясының партиялық ішілік праймериз өткізуін айтуға болады.
Партия ішіндегі көшбасшыларды таңдау мен іріктеуге бағытталған шара пилоттық режимде Жуалы ауданынан бастау алып, онда жинақталған тәжірибе республиканың түкпір-түкіріне тарады, – деді Анар Садыққызы.
Партияның Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары сондай-ақ өзі жетекшілік жасайтын аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жұмысына да тоқталып өтті.
–«Nur Otan» партиясынан партиялық тізіммен сайланған 11 депутаттан тұратын фракция партияның Жуалы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыруды басты назарға алған. Бұл орайда фракция мүшелерінің қатысуымен аталған бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасы әзірленіп, ондағы әрбір индикаторлық көрсеткішке жауаптылар бекітілген. Сонымен қатар Жуалы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламаның орындалуын партияның аудандық филиалы жанынан құрылған 7 қоғамдық кеңес өз бақылауына алған.
Есепті мерзімде партиялық жобалар аясында 96 іс-шара өткізілсе, оған 3450 адам қатысты. Партия мүшелері елімізде коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында жарияланған төтенше жағдай кезінде де мұқтаж азаматтарға көмек көрсетті.
Өткен жылдың мамыр айында Түркістан облысы Мақтарал ауданынының су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге де жуалылық «нұротандықтар» да алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды.
Аймақтың 1200-ге жуық жасын біріктірген «Jas Otan» жастар қанатының да жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр.
Партия аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына есепті мерзімде 685 өтініш түсіп, оның 52 пайызы оң шешімін тапты. Қалған өтініш иелеріне заң шеңберінде түсініктемелер берілген,– деді А.Ахметова.
Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметованың баяндамасынан соң «Бауыржан Момышұлы» бастауыш партия ұйымының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Эльмира Абишева, «Аудандық тұтынуышылар одағы» бастауыш партия ұйымының төрайымы Ақбота Қаңтарбаева, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Мейіржан Телеушов жарыссөз шығып, партияның аудандық филиалының есепті кезеңде атқарылған жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Конференцияда «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамын бекіту, партияны облыстық филиалының ХXVIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау мәселелері де күнтәртібіне қойылды.
Жиында қорытынды сөзді алған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағаның орынбасары Мәди Мәтен саяси құрылымның жергілікті жердегі жұмысын жетілдіруге қатысты мәселелерге тоқталып өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.