Облыстық мәслихат хатшысы Жамбыл ауданда болды

0

Бүгін жұмыс сапарымен келген Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махмедғали Сарыбеков аудан әкімі Сәкен Арубаевпен бірге мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген бірқатар құрылыс жұмыстарын көріп шықты. Алдымен хатшы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арнап салынған Жамбыл ауылындағы Жамбыл орта мектебінің, мұнан соң Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы Өнер мектебінің, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің, «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру» орталығының, Қаракемер ауылындағы 90 орынды клубтың жай-күйін қарап, нысандардың мүмкіншілігімен етене танысты. Бала болашағын қалыптастыратын мұндай нысандар заманауи қондырғылармен, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі керектігін, тәрбиеленушілердің өнерге, білімге деген ынтасын арттыру қажеттігін атап өтті.
Мұнан соң Махмедғали Нұрғалиұлы «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы және жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесу өткізді.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосуда Сәкен Қаланұлы ашып, аудан көлемінде байламын таппай жүрген бірқатар мәселелерді хатшының алдына ұсынды.
– Соңғы жылдары аудан көлемінде атқарылған жұмыстар аз емес. Мемлекеттік бағдарламалардың жақсылығын қараша халық көріп отыр. Биыл аудандағы елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту үлесін 71,4%-ға, ал «көгілдір отынды» 90%-ға жеткізу жоспарымызда бар. Осылайша 2025 жылға дейін аудан газбен де, тіршілік нәрімен де толықтай қамтылатын болады. Дегенмен, күрмеуі шешілмей отырған Шайқорық ауылы маңындағы зауыт қалдықтары мен Қостөбе ауылының батыс бөлігіндегі үлкен кәріз жүйесінің зардабын жергілікті тұрғындар тартып отыр. Халықтың базынасына айналған жайттарды республика көлемінде талқыға салуыңызды сұраймын. Бұдан бөлек, Аса ауылынан аспалы көпір мен Қаракемер ауылындағы спорт кешенінің құрылысын жүргізу жұмыстары тұралап қалған жайы бар. Осы тілегімізге назар аударсаңыз екен, – деген аудан басшысы ағымдағы жылы жүргізілетін құрылыс жұмыстарымен хатшыны таныстырды.
Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Индира Тоғанбаева Шоқай ауылынан еңсе тіктейтін білім ордасының қаржысын облыстық басқармалар мақұлдамай отқанын жеткізсе, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сайлаубек Ережепбаев егістікке егінсу жеткізуге күш салған «Казсушар» РМК-ның жұмысына көңілі толмайтынын, атүсті сызылған сызбаның болашағына күмәнмен қарайтынын айтты.
Жиында сөз алған Махмедғали Сарыбеков аудан тарапынан көтерілген сауалдарды түртіп алғанын, шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
– Халық қажетін өтеу – ортақ міндет. Кордаланған сауалдар өте орынды. Зерделеу жұмыстарын ұйымдастыратын боламыз. Сондай-ақ халық қалаулыларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында барша жұртшылықпен етене байланыс орнатып, әлеуметтік желіде белсенділік танытуға, халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге, олардың талап-тілегіне жедел жауап қатуға шақырамын, – деп жиынды қорытындылады.
Мәслихат хатшысының ауданға сапары барысында аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, тиісті ауылдық округ әкімдері мен сала басшылары бірге жүрді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.