Арубаев аудан тұрғындарын сақтыққа шақырды

0

Тұрғындардың денсаулығы мен әлеуметтік азық-түліктің шекті бағадан көтерілмеуін коронавирус індетін алдын алу мақсатында құрылған шұғыл топ мүшелері жіті бақылауда ұстап отыр.

Шұғыл топ демекші, ауданымызда 2 шұғыл, 1 мониторингтік және 17 ауылдық округ әкімі аппараты жанынан құрылған топ мүшелері жұқпалы ауру алғаш қылаң берген кезден бастап, күні бүгінге дейін рейд жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

Дегенмен, облысымыз «сары аймаққа» өтуіне байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев карантин талаптарын қатаң сақтауды және әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағадан аспауы қажет екенін алға тартып, сала басшыларына бақылау жұмыстарын үдету керектігін тапсырған болатын.

Осы орайда Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев бүгін таң сіріден аудандағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарға, азық-түлік дүкендеріне, сауда орталықтарына арнайы барып, санитарлық-гигиеналық талаптардың, бетперде режимінің, тауарлардың әсіресе, халық көп тұтынатын заттардың бағасына айрықша көңіл бөлді. Дүкен иелерімен әңгімелесіп, оларды карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

– Шекараны да, ұлтты да таңдамайтын аты жаман дертті жұқтырғандардың қатары қайтадан көбейе бастады. Қалтаның қамынан бөлек, қараша халықтың, тұрғындардың өмірін бірінші орынға қойуымыз керек. Барлығымызды үйде жақындарымыз, отбасыларымыз жолымызды тосып, амандығымызды тілеп отыр. Халық саулығын қатерге тігуге болмайды. Кез келген тұтынушыны бетпердесіз қабылдамауыңызды сұранамын. Арнайы сұйықтықты бас сұққан әрбір азаматқа ұсыныңыз. Сондай-ақ тұрғындарға күнделікті қолданыстағы азық-түліктің қажеттілігін айтпасақта түсінікті. Оның шекті бағадан көтерілмеуіне назар аударыңыз. Жақындарымызға өзімізден басқа жанашыр жоқ, – деді Сәкен Қаланұлы.

Аудан әкімінің нысандарды аралау барысында аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Төлекова бірге жүрді.

Халықаралық сарапшылардың мәлімдеуінше, тұрғындар көп шоғырланатын орындарға бармау, бетпердені тағу, антисептикті жиі қолдану дертті ауыздықтаудың тиімді әдісі болып отыр. Ал осы ережелерді қараша халыққа құлағдар ету, түсіндіру – ортақ іс. Біз санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтап, мемлекетіміз қабылдаған шаралар мен медицина қызметкерлерінің нұсқаулықтарына бойұсыну арқылы індетті ауыздықтаймыз. Тұрғындардың саулығы үшін бүгінде кәсіпкерлік нысандарға, жұртшылыққа жаднама парақшалары таратылып, мейлінше бетперде тағу қажеттігі ауданда айтылып жатыр. Рейд жұмыстары мына дерт толығымен жойылмайынша жалғаса бермек.

Дейтұрғанмен, сауда орталығында бетперде режимі сақталмаса, антисептик болмаса, мұндай дүкеннің қараша халыққа қажеті қанша?! Кәсіпкерлік нысаннан әлемді әлекке салған індеттің белгілері анықталып, адамдарға таралатын болса, айыпты кімге тағамыз. Әрине, көпшіліктің денсаулығына атүсті қараған дүкен иесіне. Сондықтан өткен қателікке бой алдырмау үшін, сақтық шараларын сақтайық, әлеумет!

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.