«Dmitri&Company» иесінің қызы ұрланғаны рас па?

0

Тараз қаласында  адам ұрлау фактісі бойынша тіркелген қылмыстық  оқиғаның құпиясы айтылмауда. Тәртіп сақшылары анық-қанық ақпарат бермегенімен, аталған қылмысқа қатысты түрлі болжам жасалуда.

Ең әуелі облыстық Полиция департаменті берген ресми мәліметке сүйенсек, оларға 46 жастағы жақын туысының кенеттен жоғалып кеткені туралы Тараз қаласының тұрғыны арыз түсірген. Ең қызығы тұрғын Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовке арызын тікелей жеткізген. Содан генерал-майор бүкіл қызметкерлерін тік тұрғызып, жедел-іздестіру шаралары басталған. Тәртіп сақшыларының қырағы жұмысының арқасында ұрланған әйел  Жамбыл ауданына қарасты ауылдардың бірінен табылып, күдікті ретінде екі азамат ұсталған.

Қазір аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 125-бабымен (Адам ұрлау) шұғыл түрде сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып,  Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы да құрылып отыр.

Бұл құзырлы органнан келген ресми ақпарат. Ал енді сенімді дереккөздің мәліметіне сүйенсек, ұрланған 46 жасар азаматша «Dmitri&Company» атты жолаушылар тасымалдау компаниясының иесінің қызы екен. Күдікті  ретінде ұсталған екі азамат оның қызын ұрлап әкетіп ірі көлемде ақша талап еткен көрінеді. Алайда кәсіпкер тәртіп сақшыларының көмегіне жүгініп, қызын ақша бермей құтқарып отыр.

Полиция генерал-майоры Жанат  Сүлейменов аталған қылмыстық істің тергеп-тексеру барысы ерекше бақылауында болатындығын айтқанына қарағанда  бұл ақпарат шындыққан жанасатын секілді. Айтпақшы, «Dmitri&Company» қожайыны  бір жылдары автопарк ашатын кезінде оған оқ  атылып, өмірі қыл үстінде қалған болатын. Осы екі оқиға бір-бірімен байланысты ма, әлде жоқ па, ол жағын тергеу амалдары анықтай жатар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.