Кезекті есеп беру-сайлау конференциясы 5 мамырда өтеді

0

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалының XXVIII   есеп беру-сайлау конференциясы 5 мамырда өтеді. Саяси маңызға ие шараны өткізу туралы шешім партия облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының отырысында  қабылданды.

Саяси кеңесі Бюросын алғы сөзімен ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы партияның сайлауалды бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.

– 7 негізгі басымдықтан тұратын өңірлік сайлауалды бағдарламаларды іске асырудың Жол картасын орындау әрқашан облыс әкімдігінің басты назарында. Бағдарлама жүктеген маңызды міндеттерді жүзеге асыруға менің орынбасарым Талғат Мамаев жетекшілік ететін жұмысшы топ жауапты. Бұл топқа жергілікті атқарушы органдардың басшылары, аудан және Тараз қаласының әкімдері мүшелікке өткен. Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысы апта сайын арнайы кеңесте қаралып, ондағы өзекті мәселелерге назар аударылады. Ендігі кезекте осы жұмыстарға қоғамдық бақылау жүргізу үшін партия облыстық филиалы жанынан қоғамдық кеңестер өз жұмысын бастағалы тұр, – деді Бердібек Машбекұлы.

Сондай-ақ Саяси кеңесі Бюросының отырысында партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын іске асырудың Жол картасын орындауға қоғамдық бақылау жүргізетін қоғамдық кеңестердің құрамы, төрағалары және ережесі таныстырылып бекітілді.

Партия облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов мәлімдеуінше жаңадан құрылған 10 қоғамдық кеңеске 127 адам мүшелікке өткен. Қоғамдық кеңестердің сапалық құрамын жасақтауда басымдық үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтық қоғам белсенділерін көптеп тартуға берілген.

– Қоғамдық кеңестердегі аталған санатқа жататын тұлғалардың үлесі 26 пайызға тең. Қоғамдық кеңестердің мүшелігіне азаматтық қоғам өкілдерін көптеп тарту принципін қоғамдық кеңестердің, партияның жұмысындағы жариялылықты қамтамасыз етудің алғышарты деп тануымыз қажет. Мұнан бөлек кеңестердің құрамында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өндіріс саласы өкілдерінің де үлесі басым, – деді партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д. Бейсенқұлов.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі, «Nur Otan»  партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев  қорытындылап, жаңадан құрылған қоғамдық кеңестердің жауапкершілігі мол міндетті абыроймен атқаратындығына сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.