Тығылып той жасайтындар тыйымды түсінбей тұр

0

Бүкіл жер шарын дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясы қазақстандықтардың өміріне де елеулі өзгеріс енгізгені анық. Эпидахуалды жақсарту мақсатында той, ас беру сияқты отбасылық шараларға шектеу қойылған болатын. Қазіргі уақытта жас жұбайлардың ата-аналары ғана бас қосып, сырға салып, Алла мен заң алдында некелерін қию рәсімі дәстүрге айналып келеді. Кей өңірлерде тек 20-30 кісінің басын қосатын шағын мерекелерге рұқсат берілген. Алайда қонақ санын азайтып, тығылып той жасағандар да жоқ емес. Соның салдарынан да эпидахуалдың қайтадан қиындай түсті.

Әлемді әбігерге салып, дәстүрлі өмірімізге өз өзгерістері мен тәртібін енгізген індетке қарсы тұрып, таралуының алдын алу мақсатында мониторингтік топтар Қазақстанның түкпір-түкпірінде құрылғаны белгілі. Т.Рысқұлов ауданында құрылған мобильді топ ағымдағы жылдың басынан күні бүгінге дейін 335 субъектіге санитарлық талаптардың орындалуы бойынша тексеру жүргізген. Оның ішінде 17 бұзушылық анықталып, фото-видео материалдар санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу орталығына (СЭС)  жолданған. Оның ішінен 9 нысанға хаттама толтырылып, 1 079 290 теңге айыппұл салынды. Қалған 11 материал жұмыс үстінде.

Айта кететіні, өткен жылы мобильді топ санитарлық талаптардың орындалуына қадағалау мақсатында жұмыс істеп тұрған 56 субъектіден түсінік алынып, фото-видео материалдар СЭС-ке жолданды. Оның ішінде 40 субъектіге хаттама толтырылып, 3 776 700 теңге айыппұл салынған болатын. Бұл ең алдымен, аудан тұрғындарының ережеге бей-жай қарамайтындығын көрсетеді.

«Қазір той тойлайтын емес, ой ойлайтын заман» деп Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, тойға қызмет көрсететін әнші-асаба, бишілер табыстан қағылғанмен, ағайынның көңілі үшін еріксіз тойға баратын көпшілік енді бұрынғыдай қаншама уақытын сауық-сайранға емес, ғылымға, кәсіпкерлікке жұмсаса игі еді.

Ал мониторингтік топ алдағы уақытта өз жұмыстарын бекітілген кесте бойынша жалғаса береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.