«Nur Otan» 3 ауысымда оқытатын мектептердің мәселесін биыл шешпек

0

Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Жиынға фракция жетекшісі Мұқаш Ескендіров төрағалық етті.  Сондай-ақ фракцияның кезекті отырысына партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов та қатысты.

Басқосуда партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасының Жол картасынан туған міндеттерді іске асыру жайы сөз болды. Күнтәртібіндегі мәселе бойынша фракция мүшелеріне әуелі облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов есеп берді. Басқарма басшысының орынбасары партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың алғашқы тоқсандағы нәтижелеріне тоқталды.

– Партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында биыл облыста 4 мектеп пайдалануға беру және 1 мектепке қосымша ғимарат салу және 11 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ 3 ауысымда оқытатын 3 мектептің мәселесі шешіледі. Мұнан бөлек Тараз қаласында 300 орындық «Оқушылар сарайы» да іске қосылатын болады, – деді Талғат Салқанұлы.

Ал облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов сайлауалды бағдарламада көрсетілген денсаулық сақтау саласын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету, материалдық техникалық базаны жетілдіру, емдеу мекемелерін заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз ету бойынша қолға алынған жұмыстарды тілге тиек етті.

– Ағымдағы жылдың шілде айында Тараз қаласындағы 200 төсек-орындық облыстық онкологиялық диспансер пайдалануға берілмек. Сол арқылы біз Жол картасындағы ең маңызды тармақтарын орындауға қол жеткіземіз. Мұнан бөлек ана мен бала өлімін және жалпы өлім көрсеткішін  азайту жоспарланып отыр. Ең бастысы коронавирустық инфекциямен нәтижелі күреске баса мән беріледі, – деді Хамит Саттарқұлұлы.

Жиында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ілесбек Амалов, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, облыстық жастар орталығының директоры Айбек Тәутен те баяндама жасады.

Фракция мүшелері тарапынан арнаулы білім беру ұйымдары түлектерінің жұмысқа орналасуы, балаларды мектепке қабылдаудың электронды жүйесі, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, білім беру мекемелеріндегі медициналық қызметті ұйымдастыру сынды мәселелер көтерілді.

Сондай-ақ фракция отырысында Сұлтан Өсербаев, Гулам Омаров, Зәуреш Қадырбеков, Бейбіт Ыстыбаев сынды облыстық мәслихаттың депутаттары да жыл басынан бері атқарған жұмыстарының есебін берді.

 

«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.