Түлектер ауылына арка орнатып берді

"Жомарт түлек" жобасы Жамбыл ауданында сәтті жүзеге асуда

0

Атақты балуан Жақсылық Үшкемпіровтың:
— Елімізде 5000-ға жуық ауыл бар екен. Сол елді мекендерден осыншама кәсіпкер, жомарт азаматар бас көтеріп, туған жерінің жағдайын жақсартуға көңіл бөлсе мемлекетіміз гүлденіп шыға келер еді», — деген салмақты сөзі бүгінде иісі қазақтың көңілінен ойып тұрып орын алғаны бар.

Кіндік қаны тамған мекенге маңдай терінде тамызып, халқының қажетін өтеп жүрген азаматтар қоғамда жетерлік. Оны аңғару қиын емес. Мысалға, өткен жылы Жамбыл ауданының өзінде мұқтаж деп танылған 15 отбасы облыс әкімінің бастамасымен қолдау тапқан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жаңа жылды жаңа үйде қарсы алды. Бүгінде жомарт жандардың демеушілігімен бой көтерген баспаның ішінде бала-шағаның сыңғыр күлкісі естіледі.

Бұдан бөлек өздеріңізге мәлім ақпан айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Тараз қаласында «Жомарт түлек-2021» атты кездесу кеші өтті. Тағылымы мол жиынға елге танылған жергілікті мектеп түлектері, қоғам қайраткерлері, спортшылар қатысқан болатын. Сол басқосудың маңыздылығына тоқталған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:
— Басты мақсат – елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жамбылдықтардың туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру болып табылады,- деген болатын.
Шынтуайтында, аймақ басшысының бұл кесек сөзі жұртшылықтың ойына үлкен серпіліс әкелгендей.
Тарыдай болып білім ошағын аттаған бозбала 11 жыл білім алып, үлкен өмірге нық сеніммен қадам басқаннан кейін, санасына шуақ сыйлаған мектебіне қарайласуы я болмаса ауылының кәдесіне жарайтындай игіліктерді жүзеге асыруы — құптарлық іс. Мұндайда дана қазақтың «Жақсылық жақсылықпен қайтады» деген тәмсілі ойға оралады екен. Әрі өскелең ұрпақтың бойына мейірімділік ұялататын мұндай бастамалар қазіргі қоғамға керек-ақ.

Бүгінгі тақырыбымыздың арқауы да — осы. Күні кеше Ақбастау ауылдық округіне қарасты Шоқай ауылының 1984 жылдары туылған азаматтары тонның ішкі бауындай ұйымдасып, «Жомарт түлек» жобасы аясында ауылға кіреберіс қақпасының (арка) құрылысын сәтті аяқтады. Ауылдың шырайын ашқан аркаға 2 млн теңге жұмсалса керек. Нысаның ашылуын жоғары дәрежеде ұйымдастырған түлектер ауыл қарияларын керме қию салтанатына қатыстырып, ақ баталарын алды. Түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің оқу ордасынан түлеп ұшқанына 20 жыл толып отыр. Маңызды дата есте қалсын деген олар көптің алғысына бөленіп, көпке үлгі боларлық істі абыроймен атқара білді. Түлектер бұл игілікті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту етті.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.