«Ардегерлер үйінің» алаңына көз қуанады

0

Бүгінде ауданымызды жасыл желекке бөлеу мақсатында көшелерге ағаштар отырғызу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Осындай игі іс көктемнің жанға шуақ күнінде аудандық «Ардагерлер үйінің» ауласында Құлан ауылдық округ әкімшілігінің қолдауымен жалғасын тапты. Шарапаты мол іс-шара Құлан ауылдық округінің әкімі Е.Сейтжапаров, Құлан ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Б.Әліпбаев, аудан ардагерлері Б.Нәметқұлов, Т.Барлыбаев, Ү.Тойғанбеков және Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы Н.Шәмшіханның мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Аты аталған азаматтар мен бірқатар кеңес мүшелері аудандық «Ардегерлер үйінің» алаңына өз қолдарымен 20 түп декоративті ағаштар отырғызды. Жапырағы жайқала өсіп тұрған аталмыш ағаштар алдағы уақытта ауыл көркін келтіріп, сəн береді деген сенімдеміз.

Туған жердің жасыл желекке айналуына ерекше үлес қосқан ардагерлер аудан орталығына қанша ағаш отырғызылса да, артықтық етпейді дегенді алға тартады. Әсіресе, бұл туралы өз ойын ортаға тастаған Құлан ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Берік Әліпбаев:
– Егілген әрбір ағаш ауаның тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, күн ыстықта пана, боранды күндері қорған болады. Сондықтан өзіміздің туған өлкемізді абаттандырып, жасыл желектер отырғызып, шырайын келтіруге баршамыз үлес қосуымыз керек, – дейді. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар бұл баянды бастаманың жастарға берері мол деп есептейді. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың бойындағы туған жерге, қоршаған ортаға деген қамқорлық пен сүйіспеншілік сезімін оятуға ықпал етеді деген ойды ұстанады.
Расымен де, қазақтың қазыналы ауыз әдебиетінде «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсіл бар. Осы сөзді өскелең ұрпақ санасына қазық қып қағып отыруды әдетке айналдырған, ауыл халқын дәл осындай ортақ іске жұмылдырып, ағаш егу шарасын ұйымдастырып жүрген ардагерлердің бұл ісі ұрпаққа үлгі деп білеміз.

«Құлан таңы» ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.