Халық қалаулылары 3.5 млн теңгесін тұрғындар қажетіне арнады

0

Шырмауы көп шырғалаңның біздер білмей жатқан жаңалықтары қаншама десеңізші… Күннің қамын елдің жайына арнайтын атымтай жомарт жандардың жасырын жасаған жақсылығын естіп я болмаса көрген сәтте жүрегінде жарығы бар кез келген пенде жайдарланып қалатыны бекер емес. Ол рухани дүниеміздегі сілкініс пен мейірімділік арнасының шынайы көрінісі. Жалғанда жасаған сауапты істер ертеңге азық деп білген, құлазыған көңілге жебеу, таянған белге тіреу бола білетін атпал азаматтар арамызда бар. Дегенмен бүгінгі қаузағалы отырған тақырыптағы бас кейіпкердің нақты аты-жөнін зерттеу жүргізсек те анықтай алмадық. Екі жақсының басы қосылған жерде Қоңыртөбе ауылындағы екі қабатты сегіз пәтерлі тұрғын үйдің долы дауылдан шатыры ұшып, қараша халық әбден әбігерге түскені жиі айтылып, жомарт жандардың демеушілігімен бір апта ішінде 3.5 млн теңге көлемінде қаражат жиналып, тұрғындардың қажетін өтеп бергені туралы жағымды жаңалық ауыл-аймақты шарлап жүр. Көкейдегі сауалға жауап таба алмаған біз сол ауылға арнайы барып, демеуші азаматтардың кімдер екенін білгіміз келді.
Біз барған тұста ауыл тұрғыны Роза Садуақасованың аула маңында жүргенін байқап, кейуананы сөзге тартқанбыз.
– Төтеден келген оқыс оқиға кімді болсын есеңгіретіп жібереді екен. Қасқағым сәтте баспананың шатыры ұшып, барша отбасыларды көңілсізекке салды. Қыстың қаһарына мінген шағында жылулық сыйлай білген жандарға Алла тағала өзі жар болсын. Өйткені, егер жауын-шашын түссе, тұрғын үйдің төбесі құлап, дуалдың морылу қаупі бар еді. Әйтсе де, өздерін «Халық қалаулыларымыз ғой, әже» деп таныстырған бір топ азамат сол күні-ақ құрылыс жұмыстарына қажетті барлық жабдықтарды әкеліп, аз уақыт ішінде ретке келтіріп берді, – дейді ағынан жарылып. Әңгімемізге қосылған тағы бір тұрғын Қазыналық Бекжанова:
– Рақмет айтып үлгере алмайтын жағдайлар да кездеседі екен. «Уайымдамаңыздар, бәрі ретке келеді. Сабырлық танытыңыздар» деген игі жақсылардың сөзі қаперімде қалып кетіпті. Осы сәтті пайдалана отырып, есімін де есте сақтап үлгермеген жомарт жандарға аналық алғысымды білдіремін. Қайда жүрсеңіздер де аман-сау болыңыздар, қарақтарым. Жұмыстарың оң болсын, – деп сөзін түйіндеген еді.
Расымен жұртшылықтың айтқанына қарағанда жақсылықты ту еткендер халық қалаулылары болса керек. Қиын қыстау заманда елінің қорғаншысы болған осындай нар тұлғалы ағаларға бізде іштей дұға еткенбіз.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.