Аймақ басшысының тапсырмасы қалай орындалуда?

0
Тараз қаласының Жауғаш батыр көшесіндегі сорғы станциясы былтыр желтоқсан айында салынып, қабылданған. Су құбырларының да тартылғанына қарамастан «Барысхан», «Сахзавод» және «Қарасай» иіндері ауыз сумен қамтамасыз етілмей халық наразылық білдірген болатын. Анықтай келе сорғы станциясын аталған массивтердің ішкі желілерімен байланыстыратын 80 метрлік құбыр о баста жобада қамтылмағандығы белгілі болды. Жауапты құрылымдарды қатал сынға алған облыс әкімі кемшіліктерді жоюды тапсырған. Ал мердігер «Сұңқар – 2002» ЖШС өкілі 20 сәуірден кешіктірмей тұрғындарға ауыз су беруді уәде еткен.
Уақыт өтіп жатыр. Облыс басшысының тапсырмасы қалай орындалуда?
Бүгінде «Жамбыл су» мекемесі 80 м құбырды жүргізген. Қазір «Барысхан» алқабының ішкі су құбыры жүйелері тартылуда. Аймақ басшысының тапсырмасы дер кезінде орындалу керектігін ескерткен Ержан Жұматұлы алдағы уақытта да жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалғанда осындай олқылықтарға жол бермеу керектігін айтты.
Сондай-ақ, Қарасай тұрғын алқабын сумен қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалмады. Бүгінде су жүйесін тартудың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Ал, «Ана мен бала» скверін халық игілігіне пайдалану қажет. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жобалық-сметалық құжатын дайындап, демеушілер тарту жоспарда.
Толассыз жауған жауыннан біраз аумақты су басып, барлық шақыртулар бойынша көмек көрсетілген болатын. Бұл аймақта да жолды су алғаннан көлік қозғалысы қиындаған. Инфрақұрылым, мектеп мәселесі біраз жылдан басты базынаға айналып, тұрғындар өз өтініштерін жеткізген болатын. Биыл мұнда 600 орын мектеп құрылысы басталмақ. Ал, жол мәселесі тек су құбырлары тартылып, ауыз су кіргізу жұмыстары толық аяқталған соң қолға алынады. Қазірден жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу тапсырылды. Бүгінде «ӘулиетаТрансПасс» автобус паркімен келіссөз жүргізілуде. 29-шы бағыттағы автобус жүретін болады. 3-4 аялдама соғылады.
Қаланың Шығыс қақпасына шығарар, Талас өзенінен өтетін көпір апатты жағдайда. Облыс аралық жол қозғалысында маңызы зор бұл көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің жобалық-сметалық құжаты дайын, сараптамада. Бюджеттік өтінім беріліп, жоба мақұлданса жөндеу жұмыстарын осы жылы бастау жоспарда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.