Жамбылдық диқандардың ісі қыза түсті

0

Сұлу көктемнің көк көгершіні көңілге де, өңірге де нықтап қонғандай. Әсіресе, дала келбеті күн өткен сайын өзгеріп, төңірек құлпырып келеді. Диқандардың қуанышында шек жоқ. Бәрі де далада жүр. Жәй жүрген жоқ, олар көктемнің әр күні жылға азық екенін түсінгендіктен, болашақтың қамын күйттеп жүр. Осыдан-ақ әр диқанның ісі далада екенін аңғарасың.
Осы бір көріністен кейін дала дүбірін сезінбей көріңіз. Өткен бейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы және аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаевпен бірге аудан аумағындағы бірнеше шаруашылықтың бүгінгі қарекетін көзбен көріп, біз де сезіндік. Серпілдік. Шаттанған диқандармен бірге біз де қуандық.
Сонда диқандардың қуанышымен бөліскен Ерлан Қыдыралыұлы: – Биыл қыс қаһарына мінді десек те болғандай. Жер-ана қыс бойы ақ көрпесін қымтай жамылып, қаһарын шындап төкті. Жердегі тоңның қалыңдығы жарты метрден асты. Долы жел де оқтын-оқтын мінез көрсетті. Бірақ, көпшіліктің көңілі жығылмады. Қайта қайсарланып, қарсы тұра білді. Далада жүрді. «Күннің жаманы кетер» деген қағиданы естен шығармастан соқа, тырмасын, техникаларын жөндеуден өткізіп, сапқа қойды.
Қыста жауған қар еріп, жерге сіңді. Оған үш-төрт күннің бірінде жауған жаңбырды қосыңыз. Жерде ылғалдың бар екенін, шыбық шаншып, жерге дән тастасаң, ертең-ақ көгеріп шыға келетініне сенген диқандар әр күнді, әр сағатты ұтымды пайдалана білуде. Мұнысын біз жөн көрдік. «Қимылдаған қыр асады», «Жатқанға жан жуымайды» дегеніміз осы шығар. Қимылдарыңыз ширақ, қарекеттеріңіз қарымды екен. Әлі-ақ, еңбектеріңіздің өтеуін көретін боласыздар. Қамбаларыңыз дәнге толсын, – деді. Оның сөзін қоштай сөйлеген Қанат Базарбекұлы; – Әрине, мен де тілектеспін. Уақыттан ұтылмай, тек алға ұмтыл­саңыздар, сіздер бағындыратын белес те, асатын асу да қалмайтын шығар. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді.
Алғаш ат тізгінін «Қызылдиқан» өндірістік кооперативінің егістік алқабында тартқанбыз.
Егістік басында жүрген диқан-механизаторлардың бізге уақыт бөлулеріне мұршасы келмей, темір тұлпарларына дәнсепкіш агрегатты қосып алып сүйреген бойы бізден алыстап бара жатты. О баста олардың бірін әңгімеге тартпақ болғанымызбен, диқандарға әр минут қымбат екенін біліп, алқап басында жүрген кооператив төрағасы Нуритдин Бегмановты сөзге тартуға тура келген. Сонда төраға: – Мұндайда еңбек адамы қалай қарап отырсын. Механизаторлар Қанат Майлыбаев, Николай Ивкин секілді азаматтарымыз еңбек көрігін қыздыра түскен. Олардың қарқынына қарап, алға қойған міндетімізді орындайтынымызға сенемін. Өйткені, биылғы жоспар бізге үлкен міндет жүктеп отыр. Ерте күзде 500 гектарға күздік бидай орналастырсақ, 500 гектарға жаздық арпа егу жұмысын екі-үш күн болды қолға алғанымызға. Бүгінге дейін 300 гектарына сеуіп үлгердік. Егер ауа райы қолбайлау болмаса, қалған 200 гектар алқапқа да аз уақыт ішінде арпа тұқымын себеміз. Бұдан басқа, мақсары, көкөніс, бақша дақылдарын егуді жоспарлап отырмыз, себік жұмысына 5-6 техника тартылған, – деді.
Біздің келесі тоқтаған тұсымыз Қаракемер ауылы диқандарының егістік алқабы еді. Мұнда да қарбалас, үш МТЗ-80 тракторы дәнсепкіш агрегатымен қаздай тізіліп тақтайдай тегіс алқапта бірінен соң бірі кетіп барады.
Осынау көрініске көңіл толып, төңірекке таңырқай қарап тұрғанымызда қасымызға таянған ауыл әкімі Жәнібек Әуелбаев: – Еңбекқор жігіттерімізде іркіліс жоқ. Олар уақытты жоғалтқысы келмейді. Бұл алқап Әбілсейіт Добаев басшы­лық ететін «Әбеке» шаруа қожалығына тән. Алқапта темірден түйін түйіп, тілін таба білген Ғани Рай, Данияр Әмірбеков, Әзиз Сәрсенұлы секілді механизатор­ларымыз бен алқап басына арпа тұқымын жеткізіп жүрген Камаз автокөлігінің жүргізушісі Сағынғали Қайырбековтің еңбегі өлшеусіз.
Шаруашылықтың тірліктерін тиянақтап жүргеніне бесінші күн. Жоспарлары – 500 гектарға арпа себу керек болса, міндет бүгін толық орындалмақ. Оған олардың қарқын­ды жұмысы дәлел. Сондай-ақ, олар алдағы уақытта 200 гектарға мақсары егуді көздеп отыр, – деді.
Біз болған қызылдиқандықтар мен қаракемерліктердің көктемгі егіс қарекеттері осындай. «Диқанның ісі – далада» деген сөз егіс алқаптарында жүрген диқан-механизаторларға қаратып айтылғанын аңғару қиын емес.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Leave A Reply

Your email address will not be published.