Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруындағы мемлекеттік аудиттің рөлі

0

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған 5 негізгі басымдық бөліп көрсетілді. Соның бірі макроэкономикалық тұрақтылық. Оны қамтамасыз етуде негізгі міндеттердің бірі салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу болып табылады. Жолдауда осы міндетті шешуге қатысты бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру, Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қарау мәселесі ұсынылды. Сонымен қатар, Елбасы осы жолдауда «Үкімет квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастырып, онда тәртіп орнату керек», — деп атап көрсеткен болатын.
Қазақстандық қоғамды дамыту және мемлекеттік аппарат алдында туындайтын жаңа тұрпаттағы міндеттемелер мемлекеттік басқарудың күшті жүйесінің жұмыс істеуін талап етеді
Міне, осы аталған міндеттерді шешуде халықаралық стандарттарды ескере отырып, 2015 жылы 12 қарашада қабылданған «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау» туралы заңның және оның негізгі стандарттарының маңызы жоғары екендігін атап өту қажет. Бұл Заң мемлекеттік аудитпен және қаржылық бақылаумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыруды айқындайды.
Әлемдік озық тәжірибелерді негізге ала отырып мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құруды көздейтін бұл заңнамалық құжатты әзірлеу барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің (Ұлыбритания, Канада, Германия, Франция, Түркия, Ресей т.б.) тәжірибелері зерттелгендігін, сонымен қатар халықаралық кәсіби стандарттар (Қаржылық бақылаудың жоғары органдарының Халықаралық ұйымдары, Ішкі аудиторлар институты, Бухгалтерлердің халықаралық федерациясы стандарттары), Әлемдік банк кеңесшілерінің ұсыныстары, Лима декларациясының қағидалары ескерілгендігін атап өту қажет.
Сондықтан да бұл заң мемлекеттік активтерді басқару және бюджеттік қаражаттарды пайдалану тиімділігін арттыруға оң әсер етеді деп ойлаймыз. Осы заңды іске асыру шеңберінде Есеп комитеті 30 жуық нормативтік–құқықтық акті әзірлеп, қабылдаса, 2022 жылға дейін бір қатар әдіснамалық құжаттар әзірлеу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін әдіснамалық негіздерді қалыптастыруға, ең бастысы елімізде мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау жүйесін жетілдіруге, бюджеттік қаражаттардың жұмсалуының ашықтығы мен тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Аудиторлық қызмет заңнан басқа стандарттармен, нормалармен және қағидалармен реттеледі.
Стандарттарды аудиттің теориясы мен іс-тәжірибесінде негізгі ережелер немесе аудиторлық процедураның принциптері деп ұғуға болады. Осы ереже минимумы аудиторға бақылау шараларының ауқымын, оларды жүргізу әдістерін анықтауға көмектеседі әрі аудиторлық қызметтің нәтижелерін бағалаудың өлшемдері болып табылады. Әр елдің ұлттық стандарттары аудиттің жүргізілу жағдайына қарамастан міндетті түрде орындалуы керек. Олар халықаралық нормативтердің талаптарына жауап беретін тиісті деңгейдегі аудиторлық қызметке қолдау көрсетеді, аудиторларды өз білімдері мен біліктерін ұдайы жетілдіруге мәжбүрлейді, жекелеген аудиторлық ұйымдардың жұмыс сапасын салыстыруды қамтамасыз етеді, аудитордың жұмысын жеңілдетеді әрі оңтайландырады.
Аудитор өзінің кәсіби қызметінде мына принциптерді басшылыққа алу керек: адалдық, объективтілік, кәсіби құзыреттілік, құпияны сақтай білетіндік, тәуелсіздік, жинақылық, мұқияттылық, ақ ниеттілік, ғылымилылық, нақтылық, жариялылық, демократияшылдық және т.б.
Мысалы, аудитор өзінің кәсіби міндетін орындау барысында қоғамдық сенімді қолдау әрі нығайту ретінде адалдық, объективтілік және тәуелсіздік принциптерінің талаптарын сақтауы, өзіне сеніп тапсырылған жұмысты мінсіз әрі адал орындауы талқылауда білдіретін пікірінің объективтілігі мен тәуелсіздігін сақтауы керек.
Ғылымилылық принциптің мағынасы – аудиттің қорытындылары аудит теориясы және басқару ғылымының бар ережесімен әрекет етудің нұсқасын құптайды немесе одан бас тартады. Ол белгілі бір бастапқы мәліметтермен құрылған теориялық базаның ғылыми шынайылылығын немесе жалғандығын көрсетіп береді. Сондықтан да аудиттің теориясы мен іс-тәжірибесін терең меңгерген жоғары білікті маман немесе ғалым аудиторлық іспен жиі айналысады.
Нақтылық принципі аудиттің мақсатқа лайықты әрі уақытылы жүргізілуін білдіреді. Ол аудиттің іс-тәжірибе талаптарына жауап беруі керек, деп ұйғарады. Сондықтан да келіп түскен ұсыныстың жүзеге асуы қаншалықты анықтығын, яғни іс- жүзінде асыруға келетінін анықтап алу қажет.
Аудиторлық бақылаудың объектісі болып табылатын жүйелердің сақтау принципі аудит барысында белгілі бір ықпал ету сапалы сипаттамаларды және іс-жұмыс тәртібін бұзбайтындай шекте жүзеге асырылуын талап етеді.
Жариялылық принципін сақтау қажеттілігі аудитті жүргізуге де, оның нәтижесіне де қатысты. Жариялылықтың аудиттің дамуы мен аудиторлық беделін көтеруде және қоғамдық пікірді қалыптастыруда маңызы зор.
Қаржылық бақылау — мемлекеттің қаржылық қызметінің бөлінбейтін құрамдас бөлігі, экономиканың және қаржылық жүйенің қалыпты қызмет етуінің қажетті шарты. Экономиканы басқарудың өзіндік қызметі бола отырып, бақылау басқарушылық циклдің маңызды кезеңі болады, онда басқарушылық объектіге әсер етудің нақты нәтижелері қабылданған шешімдер мен нормативтік жазбалардың талаптарымен салыстырылады, ал оларды бұзу анықталғанда, осындай ауытқуларды жою бойынша қажетті шаралар қабылданады.
Қаржылық бақылаудың болуы экономикалық категория ретіндегі қаржыға тек үлестіру қызметі ғана емес бақылау қызметі де тән болуымен объективті түрде шартталады. Осыған байланысты мемлекеттің өз міндеттерін шешу үшін қаржыны қолдану олардың көмегімен осы міндеттерді орындау барысында бақылауды жүргізуді қажет етеді. Басқаша айтқанда, қаржылық бақылау мемлекеттің қаржылық қызметінің маңызды бағыты болып табылады.
Мемлекеттік аудиттің мақсаты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экономиканы немесе оның жекелеген салаларын дамытудағы қызметін бағалау, тексеру негізінде мемлекеттің қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың активтерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл ретте, мемлекеттік қаржылық бақылау аудит объектілерінің жасаған бұзушылықтарын жоюға және ден қою шараларын қолдануға бағытталады.
Мемлекеттік аудит еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңінде Қазақстанның табысты дамуына өз үлесін қосатын болады.

К.Ж.РАХИМБЕРДИЕВ,
облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшының орынбасарының міндетін атқарушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.