Білікті дәрігер, білгір маман

0

Уақыт өтеді, заман өзгереді, бір заңдылық сақталады – білікті, білімді адамдар әр заманда қажет. Медицинада тәжірибелі маманның орны бір бөлек. Ем өздігінен берілмейді, қарапайым екпе де өзідігінен салынбайды. Бүгінгі жаңа технологиялар, компьтерлер қаншалықты дамыған заман болса да, адамның жұмысын компьютер жасап бермейді. Білімді, әрі білікті дәрігерлер әрдайым қажет. Сондықтан бүгін де, ертең де медицинаны майталман мамандарсыз елестету мүмкін емес.

Біздің кейіпкеріміз Гүлшат Медетбекова 12 жыл денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі дәрігер. Гүлшат Жолынбекқызы – өз ісіне берілген маман. Адам бойында мейірімділік, жауапкершілік, адалдық және тұрақтылық сияқты қасиеттер болу керек деп түсінеді. Ол медицинаға 25 жасында адамдарға көмектесем, дәрігер болам деп келді. Содан бері қызметін адалдықпен, үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.

Гулшат Жолынбекқызы 1984 жылдың 25 наурызында Оңтүстік Қазақстан  облысы Сайрам ауданында дүниеге келген. Бала кезінен медицина саласында қызмет етуді армандаған оның талпынысын ата-анасы Жолынбек пен Баян Медетбековтер қызу қолдаған. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң бірден арман қуып кеткен Г. Медетбекова мақсатына жету үшін Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясында 7 жыл бойы білім алады.

Осылайша академияда емдеу ісі мамандығын меңгеріп шыққан Гүлшат Жолынбекқызы Шымкент қалалық №6 Жедел медицина жәрдемін қызметінде қызметтік жолын бастап кетеді. Кейінірек Өскемен қаласы №7 емханасында, Шымкент қаласы ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/2 мекемесінде дәрігер-терапевт мамандығы бойынша жұмыс атқарған.

2016 жылы Жамбыл жеріне табан тіреген білікті маман аталған жылдың шілде айынан бастап Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/1 мекемесінде қызметке кіріседі. Ал 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін өңірлік ҚАЖ департаментінің ЖД-158/2 мекемесінің медицина бөлімін басқарып келеді.

Жас мамандардың білікті дәрігер Гүлшат Медетбековадан үйренері көп. Оның қызметтегі тәжірибесі мен өмірлік жиған-терген білімі сан ұрпақтың қажетіне жарар мол байлық. Іске мығым, қашанда жаңалыққа жаны құмар Г. Жолынбекқызы бүгінде медицинадағы ең соңғы технологияларды меңгеруге ұмтылып тұратынын әріптестері айтып келеді.

«Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны, әрине, денсаулық. Осы «олжаны» сізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін медицина қызметкерлері ғой. Солардың бірі – білікті дәрігер, білгір маман Гүлшат Медетбекова!

Leave A Reply

Your email address will not be published.