Кәсіпкер туған ауылына саябақ салуда

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттың өткен тарихын білуді, оны құрметтеуді, туған жерге ту тігіп, ауылды гүлдендіруді міндеттеген болатын. Бүгінгі таңда елімізде ауыл ахуалын жақсартуға көңіл бөлініп келеді. Жергілікті кәсіпкер азаматтар Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауылды жерлерге қолдау көрсетіп, нақты жоспарларды іске асыруда. Бүгінгі таңда елімізде «Туған жер» арнайы жобасын бірауыздан қолдаған кәсіпкер азаматтардың қатары артып отыр. Ел ішіндегі бірлік пен берекені арттыруға, ауыл ахуалын жақсартуға кәсіпкерлердің қосып отырған үлесі аз емес. Мәселен, Ақсу ауылының тумасы, бүгінде беделді кәсіпкер, Шымкент қаласында шаруасын дөңгелетіп жүрген Тілеужанов Болат Бақытжанұлы ауылдың ортасынан, аумағы 1 гектарды алатын жерге құны 30 миллион теңгені құрайтын саябақ салуда. Сырты қоршалған саябақ ішінде зертханадан топырақтың тиісті қорытындысы алынып, көрікті талдарақтар егу жұмыстары басталып кетті. Арнайы сахна мен сәнді сәкілер, кіре берісінде көз сүйсінетін арка, күзетшіге арналған бөлмесі бар саябақтың ішінен балалар ойын алаңшасы салынады деп жоспарлануда. Ауылдың айтулы тұлғалары мен еңбек ерлерінің есімдері осы саябақ ішінен жас ұрпаққа тәлім боларлық ескерткіш-тақта болып орын тебеді. Меценаттың әкесі Бақытжан Тілеужанов та ауданға ардақты ақсақал, ауылдың ішіндегі мәселеге көз жұмып қарамайтын ел ағасы. Ойылған жолды өз қаржысымен бүтіндеп, көп шаруада қолының ізін қалдыратын қадірлі қария. Ағашынан алыс түспеген Болат та әке ісінен үлгі алған ұлағатты ұл. Түлегінің томағасын сыпырған ақсулықтардың ат үстіндегі азаматтың атқарып жатқан жұмысына батасын беріп, барынша қолдау көрсетуде. Сөз арасында Болат Бақытжанұлы маған қонған бақ пен дәулет ауылыма қарайлассын деп берілген шығар,-дейді. Өскен ортамызды өркендету әрбір азаматтың парызы. Аталған сейіл орнына он түрлі 600 түп ағаштың көшеті егіледі. Бүгінде соның 400 аса көшеті орналастырылды. Ағаш отырғызу жұмысына ауыл тұрғындары, жергілікті атқару билік өкілдері, демеушінің жақындары мен туыстары қатысты. Игілікті іске куә болған аудан әкімі Нұржан Кәлендеров те өз қолымен ағаш көшетін отырғызып, саябақтың сәнденуіне тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді. Айта кетерлігі мұнда ересектер де, балалар да тыныға алады. Шара барысында аудан басшысы Нұржан Кәлендеров ауданымыздың меценаттарына әсіресе Бақытжан Тілеужанов пен оның ұлы Болат Тілеужановқа аса құрметпен ризашылығын білдірді. Аудан басшысы Нұржан Календеров өзінің сөйлеген сөзінде:
— «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар қазақ халқында. Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде, ішкен асын жерге қоятын аптал азаматтар ауданымызда жетерлік. Жақсы адамның жинаған дүниесі емес, жақсы атының қалатыны осындайдан көрінеді. Ауылдағы игілікті істер кіші отанына жауапкершілікпен қарайтын сол өңірдің топырағынан түлеп ұшқан табысты тұрғындардың арқасында атқарылатын жұмыстар. Әрине оған біздің де тарапымыздан тиісті көмектер көрсетіліп келеді.
Өңіріміздің ойдағыдай дамуының кепілі патриотизм мен әр тұрғынның туған елінің дамуына қосқан үлесі болып табылады. Саябақты абаттандыруда жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталса, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай ауыл әкімшілігінің иелігіне тарту етемін,- дейді кәсіпкер Болат Бақытжанұлы.
Бабадан жалғасқан осы дәстүрді ары қарай дамытып, кейінгі буынға үлгі көрсеткен Болат Тілеужанов ағамыз бүгінгі заманның нағыз Атымтай Жомарты деп атасақ, жаңылмайтын секілдіміз. Ауданымыздың қайырымды перзенті жайында кімнен пікір сұрасақ та, жерлестері туған ауылына шын жанашыр, жүрегі жылы азаматтың кісілік тұлғасын тебірене сөз етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.