Аман болсын аналар, асыл жандар!

0

Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімі Нұржан Календеров аудандағы әйелдер қауымымен кездесті.
Мерекелік жиынға мемлекеттік мекемелердің және үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, жалпы әр салада еселі еңбек етіп жүрген нәзікжандылар шақырылды.
Жиынға қатысушылар ең алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиынға онлайн байланыс арқылы қосылды.
-Көктемнің алғашқы күндерімен қатар келген мерейлі мерекеміз-Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысының Жолдауында ана мен баланы қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларға ерекше көңіл бөлінген. Соның арқасында облысымызда соңғы жылдары ел игілігіне берілген білім және денсаулық саласындағы заманауи нысандардың шарапатын әр отбасы көріп келеді,-деген Б.Сапарбаев Қазақстанның 2050 жылға дейін даму стратегиясында ана мен бала басты басымдыққа ие екендігін атап өтті.
Онлайн өткен облыстық салтанатты жиын біткен соң сөз алған аудан әкімі Н.Календеров барлық жиынға қатысушыларды шуақты көктеммен келіп жеткен мерекемен құттықтады.
-Тәуелсіз мемлекетіміздің нығаюына, берік орнығуына Қазақстан әйелдері де өзіндік үлес қосқаны ақиқат. Сіздердің әрбіріңіз кіші Отанның берекесін сақтап, жан-жағыңызды қаумалаған жандарға жылулық сыйлап, ерлеріңіздің қас-қабағын бағып, әр шаңырақтың шаттығын кіргізіп жүрсіздер. Қандай істе болмасын асқан жауаптылық танытып, орталарыңызды көркейтіп жүрген сіздерге, алғысым шексіз,-деді Нұржан Сәбитұлы.
Мерекелік шарада әр саланың қызметкерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың хатшысы Жасұлан Әбенов те барша әйел затын аудандағы барлық депутаттардың атынан құттықтады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.