Жыр алыбының өмір жолын сахналады

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының «Таным мен тағылым» деп аталатын екінші бөлімінде тарихты түгендеп, келер ұрпаққа қалдырар «Мәдени мұраға» басымдық берілгені туралы тайға таңба басқандай атап өткен болатын. Осы мақаланы басшылыққа ала отырып Шу ауданында да жүйелі түрде тарихи тұлғаларымызға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.
Ағымдағы жылдың 26 ақпанында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында Шу аудандық мәдениет үйінде қазақ халық поэзиясының алыбы, жырау, ХХ ғасырдың гомері Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Жамбыл Жабаев – ұлы дала ақыны» тақырыбында театрландырылған қойылым көрермен назарына ұсынылды.

Жамбыл Жабаев өзінің ғасырға жуық ғұмырында айтыс өнерінің биігін бағындырып, ұлты мен даласын жырлады. Поэзия әлеміндегі туған халқының мақтанышы, әлемдік деңгейдегі заңғар тұлға жыр алыбына айналды. Ақиық ақынның жыры да, сыры да ұлтына арналған. Сахналық қойылым барысында осы аталған құндылықтардың бәрін мазмұнды түрде жеткізе білген жас актер Қ.Бауыржан да халық ризашылығына бөленді. Қойылым режиссері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Б.Қосыбаев өзінің кезекті қойылымы деп қана қарамай, шын шабытқа еніп, халық жүрегіне жеткізуді мақсат тұтқанын атап өтті.
Осындай рухани азық болар, ұлы даланың ұлы есімдерін халыққа кеңінен насихаттайтын іс-шаралар жалғасын таба бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.