22 азамат түрлі жұмыстарға жолдама алды

0

Бүгін өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты пробация қызметі, облыстық прокуратура және Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жұмыссыз азаматтар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке барысында 18 жұмыс берушілер 44 тұрақты жұмыс орнын ұсынса, 9 жұмыс беруші www.enbek.kz сайты арқылы 24 бос жұмыс жұмыс орнын ұсынды.

Жалпы, «Еңбек» нәтижелі халықты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын негізге ала отырып өткізілген жәрмеңкенің басты мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамту.

Өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы әділет майоры Әділет Ермановтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін прокуратура және жұмыспен қамту орталығымен бірлесе жүргізілген жүйелі жұмысқа сәйкес есепте тұрған азаматтар «екі қолға бір күрек» тауыпты.

— Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар бүгінгі жәрмеңкеге барысында ұсынылған бос жұмыс орындарынан өздеріне лайықты жұмысты қарап, жұмысқа орналасып кетеді деп ойлаймын. Жалпы, жұмыспен қамту орталығымен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде облыс бойынша 620 сотталған азамат жұмыспен қамтылған. Ал бүгінгі жәрмеңке барысында есепте тұрған 22 азамат түрлі жұмыстарға жолдама алды, — деді Ә. Ерманов.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.