Асада аспалы көпір салынады

0

Аудан орталығы – Аса ауылы үшін ұзатылған жыл жеңісті де жемісті жыл болды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдағы ескі кинотеатр мен Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы жанындағы ескі жатақхана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, бірі – М.Төлебаев атындағы өнер мектебі, екіншісі кәсіптік техникалық қосымша білім беру орталығы болып қолданысқа берілді. Жергілікті жұртшылықты, жастарды спортқа баулу мақсатында зәулім спорт кешені салынды.
Елді мекенде асфальттанған жалпы ұзындығы 47,9 шақырым 61 көшенің 25-і, жарықтандырылған 33,2 шақырымды құрайтын 32 көшенің 12-сі аталған жоба шеңберінде жүзеге асты.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтерген бес қабатты 76 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталды.
Дегенмен шешуді қажет ететін өзекті мәсе­лелер де жоқ емес. Аса ауылындағы жаңа тұрғын үй алқаптарына кәріз жүйеле­рінің құрылысын нысанның жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткен.
Ауылдағы темір жолдың арғы бетінде тұратын тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салу қажет екені белгілі. Бұл – Теміржол көшесінің, жалпы, сол жақтағы тұрғындардың жылдар бойы көтеріп келген көкейкесті мәселесі, талап-тілегі. Бүгінде жаяу жүргіншілер көпірі құрылысының жобалық-сметалық құжаттары кешенді сараптамадан өткізілуде.
Ағымдағы жылы 2011 жылдан бері жер кезегінде тұрған 1228 азаматты жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жаңа тұрғын үй алқаптарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысын салу жобасына Ұлттық қордан қаржы бөлінді.
Аудан әкімі Сәкен Арубаев пен Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетовтің өткен жылдың қорытындысы бойынша халық алдындағы бірлескен есебінде осы және өзге де мәселелер кеңінен сөз болды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері көпшілік назарына арнайы дайындалған слайд арқылы ұсынылды. Тұрғындардың темір жолдың арғы бетіндегі оқушыларды тасымалдау, Әуезов көшесі бойында орналасқан екі қабатты тұрғын үйлердің маңындағы жаяу жүргіншілер жолын, темір жолдың арғы бетіндегі балаларға арналған ойын алаңшасын жөндеу, «Аса-Тараз» бағытындағы қоғамдық көлік мәселесін шешу туралы өтініші назарға алынды. Биыл «Бәйтерек» алқабындағы үш қабатты екі тұрғын үйдің кәріз жүйесі жөнделетіні, темір жолдың арғы-бергі бетін жалғайтын аспалы көпір салынатыны, наурыз айында бес қабатты 76 пәтерлі тұрғын үй аудан тұрғындарына кезек бойынша берілетіні айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.