Шуда тозығы жеткен мектептер жаңартылады

0
Аудан әкімі Нұржан Календеровтың есепті кездесуі Тасөткел, Алға ауылдық округтерінде жалғасты. Ауданның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты есептік кездесуінде халық көкейіндегі маңызды мәселелер жан-жақты айтылып, алдағы уақытқа бағыт-бағдар жасалды. Мұндай кездесулерде біз өзіміздің еңсерген жұмыстарымызға сіздер арқылы сын көзбен қарап, келер жылға жоспар жасауға мүмкіндік аламыз,-деді Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде.
Бұдан кейін аудан әкімі атқарылған жұмыстар мен осы жылы орындалатын басым бағыттар жайында баяндады. Мәселен, жалпы өткен жылы ауданда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 9,3 млрд теңге қаражат бөлініп, 230 жоба іске асырылған. Оның ішінде 3,5 млрд. Теңгеге 184,9 шақырымды құрайтын 158 жол жөндеуден өтсе, Шу қаласында-49, ауылдық елді мекендерде-79 көше жолдары жөнделген. Аталған жобаларды жүзеге асыру барысында 2020 жылы 7895 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. 2021 жылға Төле би ауылындағы 300 орындық Әл Фараби мектебінің құрылысына 830 млн. қаржы қарастырылып отыр. Сондай-ақ,Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин мектебіне қосымша ғимарат салу үшін 543,9 млн қаржы бөлінген.
Бұл күнгі кездесулер кезінде аудан әкім ауылдардағы әлі шешімін таппаған мәселелерге тоқтала кетті. Нұржан Сәбитұлының айтуынша, көп ауылдық өңірлерде электр жарығының тозығы жеткен. Осыған сәйкес, 2021 жылы Қонаев, Төле би, Дулат ауылдық округінің ескірген бағаналарын жаңарту мен ауыстыруға жалпы 71,1 млн. теңге қаржы қарастырылып отырғандығын жеткізді. Қалған ауылдық округтердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады,-деді Нұржан Календеров өз сөзінде.
Жиын барысында ауыл тұрғындары да көкейлерінде жүрген түйіткілді мәселелерімен бөлісуге мүмкіндік алып, өздерін толғандырған сауалдарын да қойды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.