Есеп беру жиындары жалғасуда

0

Президенттің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» жарлығына сәйкес, бүгін Т.Рысқұлов ауданының әкімі Е.Садырқұлов ел алдында есеп беру жиынын Өрнек, Құмарық, Құмарық ауылдық округтерінде жалғастырды. Есепті кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жылқыбаев Ержан Жұматұлы арнайы қатысып, өңір тұрғындарының өзекті мәселелерінің шешілу барысына назар аударды.
Жиында аудан басшысы ауданымыздың өткен 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық салаларының дамуы мен атқарылған жұмыстармен қоса, ағымдағы жылы алға қойған негізгі міндеттер туралы баяндады. 2020 жылы ауданымызда экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері барлық 6 бағытта артты. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, негізгі қорға тартылған инвестициямыз өсіп, қарқынды даму үстінде. Қай салада болмасын ілгерілеушілік бар. Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктеріміз орасан зор. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асып, тұрақты жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Жұмыссыздық деңгейі төмендеді. 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізуге міндеттеме толығымен орындалды. Білім ордалары жаңғырып, ауылдық округтердегі жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда.
Сонымен қатар, алдағы жылы газ кірмеген 18 ауылдың алтауына (Д.Қонаев, Әбілхайыр, Бәйтелі, Қорағаты, Шолақ-Қайыңды, Шөңгер) газ тарту жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжат дайындалған. Газдандыру жұмыстары басталып, күз айларында аудан тұрғындарына 100% көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Тағы бір айта кететін жаңалық, Ауыз су жүйесі ескірген 9 елді мекеннің үшеуіне (Құмарық, Қаракемер, Алғабас) 2021 жылға өтпелі жобамен былтыр жаңа ауыз су жүйесі құрылысы басталды. Биыл пайдалануға берілетін болады. Ауданда жарқын істер мен жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Кездесу соңында аудан тұрғындары аудандағы атқарылған және атқарылмақ жұмыстарға оң баға беріп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.