Жағдайың қалай, Жаңатас?

0

Кеңес Одағы кезінде Мәскеудің тікелей қамқорлығында болып, қарқынды дамыған Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының тоқсаныншы жылдары терең тоқырауды бастан өткергені белгілі. Экономикалық байланыстардың үзілуінен фосфор өнеркәсібі тұралап, жұмыссыздық белең алды. Көпшілік күнкөріс қамымен сырт аймақ­тарға қоныс аударып, көпқабатты тұрғынүйлер қаңырап бос қалды. Шаһарды ауызсумен, жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету мұңға айналды. Міне, осындай қиындықтармен бетпе-бет келген кеншілер қа­ла­сының қазіргі ахуалы қандай? Алда не күтіп тұр? Біз бүгін осы сұрақ­тарға жауап іздеу мақсатында Сарысу ауданына жол тарттық.

Кеше

1969 жылғы 25 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысы бойын­ша Жаңатас ауданға бағынатын қала мәр­тебесін алды. Ал 1971 жылы 13 тамызда об­лысқа бағынатын қала санатына қосылды. Мі­не, осылайша кеншілер шаһары аз уақыт­та-ақ аяғына нық тұрып, атағы алысқа тара­ған қалаға айналды. Мұнда одақтас мем­ле­кет­тердің түкпір-түкпірінен жұмысшы ма­ман­дар жиналып, екпінді құрылыстың көр­кін қыздырды. Таулы жерде орналасқанына қара­мастан, Жаңатаста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бірінен кейін бірі пай­да­лануға беріліп жатты. Халық саны да едәуір артты. 1989 жылы мұнда 57 мың адам тұр­ған де­генге бүгінде біреу сенеді, біреу сен­бейді. Иә, тоқсаныншы жылдардағы экономи­ка­лық ауыртпалықтар Жаңатас қаласына да оңай соққан жоқ. Айлық жалақыға қол жет­кізе алмаған кеншілердің теміржолды жауып, ереуіл жасағаны да осы кезең еді. Де­­генмен, түйткілдің түйінін тарқату мақ­сатында мемлекет тарапынан тиісті ше­шімдер қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Жаңатас қаласы Сарысу ауданының орталығы болып бекітілді. Химия өнеркәсібінің көшбасшысы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің Жаңатастағы алып комбинаттың жұмысын өз қолына алып, ауқымды инвес­тиция салуы ахуалдың оңалуына, әлеуметтің әлеуетінің артуына өз септігін тигізді.

Бүгін

Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарла­ма­сы кеншілер шаһарының екінші тынысын ашқандай болды. Сапар барысында Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовпен сұх­баттасудың сәті түсті. Атқарылған жұмыс та, алдағы мақсаттар да ауқымды екен. Бәрі де ел­дің игілігіне бағытталған тірліктер. Айта кету керек, бұған дейін қаншама жыл бойы қаңы­рап бос тұрған, апатты жағдайға жет­кен көпқабатты тұрғын үйлердің барлығы сүріліп, орындары тегістелген. Ал жарамды­лары қазына қаржысы есебінен қалпына кел­тірі­ліп, тұрғындардың игілігіне ұсыны­лып жатыр. Біз пікірлескен Сарысу ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бө­лімінің басшысы Дәуренбек Шалбаевтың айтуын­ша, 2012-2020 жылдар аралығында Жаңа­таста 12 көпқабатты тұрғын үй қайта қал­пына келтірілген екен. – Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен қолға алынған моноқалаларды дамыту бағ­дар­ламасы сөз жоқ, Жаңатас қаласының дамуына тың серпін берді. Тарихи тамыры хи­мия өнеркәсібімен тығыз байланысты шаһар аз уақытта адам танымастай өзгерді. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің қайта қал­пына келтірілуі ел-жұрттың ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түскендей, – дейді бөлім басшысы Д.Шалбаев. – Былтырдың өзінде 3 көшеге және ықша­­мау­дандағы 2 жолға жаяу жүргіншілер жолы салынып, түнгі жарықшамдар орна­тыл­ды. Қаладағы ықшамаудандар ішіндегі бар­лық көп­қабатты тұрғын үй аулалары жа­рық­тан­дырылып, 5 үйдің сыртқы беті қап­талды. Ас­пандияров, Мұқанов, Бейбітшілік көше­лерінің жарықшамдары ауыстырылды. Сая­бақтар мен жасыл белдеулерге және орта­лық көше бойына суғару жүйелері және Қой­гелді кө­шесінің соңына жеңіл көліктерге арналған көпір орнатылды. Қойгелді кө­шесінен Пуш­кин көшесіне дейінгі бөлікте және орталық базар аумағында жаяу жүр­гін­шілер тротуары салынды. Қала аумағындағы 12 баспалдақ қайта қалпына келтіріліп, 18 жерге балалар ойын алаң­шалары соғылды. Сол сияқты 1-ықша­маудандағы №22 үйдің алды абаттандыры­лып, Жібек жолы көшесінің бойына 2 ав­тотұрақ салынды. Бұрынғы ЖБИ аумағына жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтан­дырылды. Демеушілер тарапынан 19 мил­лион теңгеге «Ынтымақ» аллея-сын абат­тан­дыру жұмыстары жалғасын тапты, – дейді Жаңатас қаласының әкімі Д.Борсықов. Сонымен қатар, былтыр Жаңатаста ұзын­дығы 8 шақырым болатын 12 көшеге орта жөндеу, 2 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүргізіліпті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 нысан бой көтерген. Бағдарлама аясында орталық көше жолдарының бойына бордюрлер мен арық науалары орнатылып­ты. Сондай-ақ шаһар аумағындағы 13 аркаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 3-ықша­мауданға балалар ойын алаңшасы, дене шы­нықтыру мен стрит-воркаут құрылғылары қойылған.

Ертең

«Жақсы басталған іс – жартылай біткен іс» деген сөз бар халық арасында. Жаңатас қа­ла­сында қолға алынған байыпты бастама­лар­дың лайықты нәтижесі болатынына күмән жоқ. Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселенің бірі көгілдір отын еді. Кеншілер шаһарына кешегі Кеңес Одағының кезінде болмаған табиғи газ Түркістан облысы арқы­лы келе жатыр. Қазіргі таңда қаланың шетін­де құбыр тартылуда. Келесі кезекте ішкі жұ­мыстар атқарылатын болады. Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті жұрт­шы­лық инвестицияның игілігін айқын сезіне бас­тады. «Қазфосфат» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені өнім көлемін жылдан-жыл­ға арттыруда. «Еврохим» компания­сы­ның да алға қойған мақсаттары айқын. Бұ­дан бөлек, Жаңатас жел электр стансасының ал­ғашқы қадамдары көпшіліктің көңілінен шығу­да. Тұз өндірісін дамыту, сүт өнімдерін өң­деу, өндіріске қажетті жарылғыш заттар шы­ғару бағытындағы инвестициялық жоба­лардың да жемісі мол болмақ. Мұның бар­лығы да жаңа жұмыс орындарының ашылуы­на, сол арқылы тұрғындардың тұрмыс-тір­шілігін жақсартуға септігін тигізуде. Осындай оңды істер шағын кәсіпкерлік­тің дамуына да әсер етпей қоймайды. Қазіргі таң­да шағын шаһарда 1 192 кәсіпкерлік субъек­тісі белсенді жұмыс атқаруда. Алдағы жылдары бұл тізімнің көбейе түсетіні сөзсіз. Өйт­кені мемлекет тарапынан моноқалада ор­наласқан бизнес-құрылымдарына нақты қол­даулар көрсетілуде. Мысалы, былтыр нәти­желі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы аясының бірінші бағыты бойын­ша 2 кәсіпкер 18 миллион 280 мың теңге, екін­ші бағыты аясында 84 жас кәсіпкер қай­тарымсыз несие алып, өз жұмыстарын бас­тауда. Сондай-ақ моноқалаларға арналған не­сие­лік қаражатты «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» арқылы беру көз­деліп отыр. Осы бағытта Жаңатас қаласынан бүгінгі күнге 100 миллион теңге болатын 18 жобаның тізімі жинақталып отыр. Қалада көзге шыққан сүйелдей болып тұра­тын бір нысан бар. Ол – «Үш алып» ке­шені. Кезінде кеншілердің жатақханасы бол­ған еңселі ғимараттың бүгінгі сиқы сын кө­термейді. Дегенмен, оны қалпына келтіру мә­селесі жергілікті билік назарынан тыс қал­ған емес. Сарысу ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дәуренбек Шалбаевтың сөзіне сүйенсек, биыл аталмыш нысанды тұрғын үй кешені ретінде қалпына келтіруге жобалық-сметалық құ­жат­тама әзірленіп жатыр екен. Құрылысқа қажет­ті қаржы көлемі 1,5 миллиард теңге ша­масында. Егер жоба облыс әкімдігі тара­пынан қолдау тапса, келесі жылы бюджеттік өтінім берілмек. Сонымен қатар шаһарда жастар сарайы­ның салынатыны туралы да құлағымыз ша­лып қалды. Бұл да, әрине, құптарлық дүние. Иә, құрылғанына елу жылдан енді асқан ке­н-шілер шаһарының келешегі зор. Оған жар­қын жобалар мен айқын мақсаттар дә­лел. Жаңғыру жолына түскен Жаңатастың жар­қырап, жайнай беруіне біз де тілектеспіз.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,

Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.