Аумақта атқарылған жұмыс аз емес

0

Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың Ақбастау ауылдық округінде (округ әкімі Нұрсұлу Дүзеева) өткен есеп беру кездесуіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты. Жиында округте өткен жылы атқарылған тірліктер байыппен баяндалды.
Ақбастау ауылдық округінде екі елді мекен, 301 аула, 2065 адам бар. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі егін және мал шаруашылығына ден қойған. Округте 107 шаруа қожалығы тіркелген. Егістік жерлерді игеру мәселесі жылдан жылға жақсарып келеді. Диқандар тамшылатып суару технологиясын қолға ала бастады. Ал, ағынсу тапшылығын болдырмау мақсатында «Мейірім», «Қошан», «Сейдалы» каналдарына жөндеу және тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпкерлік саласында да қарқын бар. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар мен республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен бөлінген қаржының нәтижесінде ауылдың ажары айшықталып, тұрғындардың тұрмысы түзеліп келеді. Осыдан екі жыл бұрын Бірлесу-Еңбек ауылынан 140 орындық білім беру мекемесі бой көтерсе, былтыр Шоқай ауылынан жаңа мектептің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, тиісті органға жолданды. Округте көгілдір отын мәселесі толық шешімін тапқан. Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізсе, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Шоқай ауылына таза ауызсу жүйесінің құбыры тартылуда. Оған өткен жылы бюджеттен 190 млн теңге бөлінсе, биыл 156 млн теңге қарастырылған. Автомобиль жолдарының да жай-күйі жаман емес. 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бірлесу-Еңбек ауылындағы үш көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көшелерді жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Былтыр Шоқай ауылындағы Байғазиев, Рысқұлова, Жалпанова, Бірлесу-Еңбек ауылындағы Сәтбаев көшелері жарықтандырылды. Округтегі өзекті болып тұрған басты мәселе – кезекте тұрған азаматтарға жер телімін беру. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл оң шешімін таппақ. Қазіргі таңда жаңа тұрғын үй алқабына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу үшін қазынадан 298,3 млн теңге бөлінді. Жалпы, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстар үздіксіз жалғасуда.
Жиында аудан әкімі Сәкен Арубаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылы жүзеге асатын жобалар туралы баяндады.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен әлеуметтік арақашықтық сақталған залда отырған тұрғындардың дені әлеуметтік мәселелерді көтерді. Шоқай ауылының тұрғындары елді мекендегі білім беру мекемесінің тозығы жеткенін және көлемі тар екенін айтып, жаңа мектептің бой көтеруіне ықпал етуін сұрады. Ақбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрманғазы Байменов пен ауыл қариясы Медрәсіл Тойболов округ және аудан әкімдерінің жыл ішінде атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, алдағы атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі. Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны Гүлмира Сатыбалдиева балабақша мәселесін көтерді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар жауапсыз қалмады.
Ақбастаулықтар алдында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылы облыс бойынша қол жеткен жетістіктерді саралап, алдағы уақытта жасалатын жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Ауыл тұрғындары тарапынан туындаған мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашуға, шаруаларын кеңейтуге, жерді игеруге шақырды.
Есеп беру жиынынан кейін Бердібек Мәшбекұлы ауыл мектебінің ішін аралап, қазіргі жағдайға байланысты білім алып жатқан оқушылармен тілдесті. Мұғалімдерге жауапкершілікті ұмытпау керектігін ескертті.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.