Аудан әкімінің есепті кездесулері басталды

0

Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров биылғы есепті кездесулерін аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ақсу және Көкқайнар ауылдық округтерінен бастады. Аталған ауыл тұрғындарымен кездескен аудан басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндап, ауылдықтарды мазалаған сауалдарға жауап берді.
Жалпы, Шу ауданы бойынша өткен жылы қыруар жұмыс атқарылған. Дәлірек айтқанда ауданға барлық мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 9,3 миллиард теңге қаржы бөлініп, 230 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде жол-көлік оқиғаларын төмендету, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті қазынадан 94 миллион теңге бөлініп, Шу қаласы мен Төле би ауылының орталық көшелеріне 62 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Сонымен қатар, аудан іргесіндегі Алға және Бірлікүстем ауылдарында 300 орындық екі мектеп бой көтерсе, Қонаев ауылында балабақша пайдалануға берілді. Оған қоса, Ш.Уалиханов, Төле би және Абай атындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын таппақ. Дәлірек айтсақ, аудан орталығындағы 300 орындық әл-Фараби атындағы мектебінің құрылысына 830 миллион теңге, Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин мектебіне қосымша ғимарат салу үшін 543 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұдан бөлек, барлық салалар бойынша да алға ілгерілеушілік байқалады. Ақсу және Көкқайнар ауылдарында өткен есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, аудан әкімі тарапынан тұшымды жауаптар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.