Ұлы тұлғаны ұлықтаған конференция

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы  Қазақстан» атты мақаласында ХІХ ғасырда өмір сүрген данышпанның құнды ойлары ХХІ ғасырда да өзектілігін жоғалтпағанын, ол ой-тұжырымдар мен ақыл-кеңес бүгінгі қоғамға да рухани азық болып қалатындығын айтқан болатын. Ақын сөзінің қай-қайсысы да мәнді де мағыналы өсиет. Ұлт ұстазының 175 жылдық мерейтойы – рухани тұрғыдан дамуымыз үшін керектігін түйіндеді. Бұл бірінші кезекте ұлы Абайға деген құрмет, әрі ұрпақты тәрбиелеудің өнегелі жолы деп білеміз.

Осы мақсатта  Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің 100 жылдығы және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай 2020 жылдың 11 желтоқсанында «Абай және адамзаттық құндылықтар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференция ұйымдастырылды.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаевтың құттықтау сөзімен ашылған конференцияға Г.Құрманбай, М.Сарыбеков, Ж.Дәдебаев, З. Рысбеков, Ш.Жанаева, Т.Мұқашев, Р.Саламатова, Ә.Найзабаев және абайтану саласында ерінбей еңбек етіп жүрген өзге де ғалымдар мен Түркия, Ресей, Қырғызстан елдеріндегі  оқу орындарының оқытушылары қатысты. Конференция барысында Абай мұрасы мен оның зерттелуі, ақын шығармаларының жас ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі туралы баяндамалар оқылды.

Сондай-ақ, онлайн жиында колледждің ең алғаш құрылған кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтитын «Терең тамырлы білім ордасы» атты бейнефильм көрсетіліп, ақынның ән-күйлерінен шашу шашылды.

Абайдың даналығын, рухани асыл-мұрасын насихаттау, келешек ұрпақты көркем сөйлеуге, еңбекқорлыққа, шығармашылыққа талпындыру біздің борышымыз. Абайдың мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Абай әрқашан ұлттық ұранымыз болуы тиіс!

Айжан Баялиева,

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық

жоғары колледжінің оқытушысы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.