Ерікті болу – ерлік

0

Аудандық кітапхананың «Сoworking» орталығында  «Ерікті болуы — ерлік» атты тақырыпта еріктілер жылының жабылуына арналған ауқымды шара өтті. Оған аудан әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Нәметқұлов, ішкі саясат бөлімінің, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, ауданның белсенді жастары,  еріктілер қатысты.

Шара барысында алдымен сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы атқарушы А.Нәметқұлов: «Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біздің ауданымызда қоғамдық ортаға ерікті де ынталы түрде пайда тигізуді мақсат етіп жүрген азаматтардың қатары аз емес. Еріктілеріміз ешқандай қауіп-қатерге қарамай, ауданда  атқарылып жатқан біршама іс-шараларға өз үлестерін қосып, қарапайым азаматтарға көмектесті. Сіздер сияқты жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын болмақ. Еріктілер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашады деп сенемін»,- деп еріктілердің жыл бойы атқарған жақсы істерін ерекше атап өтті.

Содан соң сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының міндетін уақытша атқарушы Рүстем Тұрарқұл  «Еріктілер жылы» барысында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында 27 іс-шара, 73 сенбілік өткізіліп, 170 аз қамтылған жалғыз басты, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға азық-түлік таратылғанын, «Туған жерге қызмет» акциясы  барысында аудан тұрғындары мен жаны жомарт кәсіпкерлер 17 оттегі концентратор аппараты, 17 дана небулайзер, 11 дана кульсоксиметр, 100 дана төсек-жабдықтары алынып, 7500 бетпердені қолдан тіктіріп, 46 мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттері таратылғанын айтты.

Келесі кезекте сөз алған белсенді еріктілер Рысбала Мұсаева, Айдос Қосыбаев еріктілер жылы барысында өздерінің жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.  Ал аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Боранкүл Әбішева әлемді жайлаған індет барысында аудандық ауруханаға көмек қолын созып, пандемияға қарсы пайдаланатын түрлі аппараттарды алып берген азаматтардың есімдерін атап, аурухананың атқарып жатқан жұмыстарын сөз етті.

Жиын соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Нәметқұлов бір топ еріктілерді Алғыс хатпен марапаттады.

Жолдыбай ДӘМЕТОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.