Қаракемерде ауылдық клуб ашылды

0

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында бұл мәселеге баса мән берілген. Ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып айқындалған. Осы мақсатта «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске қосылған. Әлеуметтік, денсаулық, білім, мәдениет және спорт салаларын әрі қарай дамыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бүгінде бұл салалардың жұмысы жанданған. Сала мамандарының айлығы да айтарлықтай өскен. Сәйкесінше жұртшылықтың да әлеуметтік жағдайы біршама түзелген, табысы да артқан.
Маңызды құжаттағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген.Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы осы. Өйткені, мемлекетіміз үшін әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды.
Біздің өңірде де Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Ауданымызда ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға бағытталған аталмыш жоба шеңберінде талай тірлік тиянақталды. Былтырғы, биылғы жылдары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар – соның айқын көрінісі. Жергілікті тұрғындардың талап-тілегі де ескерусіз қалып жатқан жоқ. Мәселен, осыдан бір-екі жыл бұрын өткен аудан әкімінің Қаракемер ауылындағы есеп беру кездесуінде ауыл қариялары ауылға клуб қажет екенін айтқаны есімізде. Уақыт өте келе бұл мәселе де шешімін тапты. Ауылда аталған жоба аясында 81 млн 612 мың теңгеге 90 орындық заманауи үлгідегі клуб соғылды. «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын бітірді. Мамыр айында іргетасы қаланған ғимараттың құрылысы Тәуелсіздік күні қарсаңында аяқталып, мерекеге тарту болды.
Нысанның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев арнайы келді. Жиналған көпшілік алдында сөз сөйлеп, облысымызда жүзеге асырылып жатқан ілкімді істерге тоқталды.
– Облыс бойынша биылдың өзінде 22 мектеп, 4 ауылдық клуб салынып, 5 ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтті. Осының бәрі Тәуелсіздіктің, егемендіктің, мемлекеттік қолдаудың арқасы. Бізді әлемге танытатын мәдениетіміз. Мәдениетімізбен біз ұлылығымызды, ұлтымыздың биіктігін көрсетеміз. Жастарды мәдениетке баулып жатсақ, бұл да болса біздің бір үлкен жетістігіміз. Қазақта «Тарихын білген тұғырлы болады, Мәдениетін игерген мәртебелі болады» деген сөз бар. Ұлттық кодымыз тілде, мәдениетте екенін ұмытпауымыз керек, – деген Ержан Жұматұлы облыс әкімінің тарту еткен сыйлығы музыкалық аппаратты аудандық Мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаеваға табыс етті.
Басшы сөзін жалғаған ауыл қариясы Ахатай Балқыбеков облыс, аудан басшыларына, округ әкіміне, құрылысшыларға ауылдастарының атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін Ержан Жұматұлы ауыл қарияларымен жаңа ғимараттың ішін аралап, үйірмелер жұмысымен танысты.
Жалпы, ауданымызда 4 Мәдениет үйі, 9 ауылдық клуб бар. Қаракемер ауылдық клубы – оныншы. Мәдениет ошағы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Онда ән, би, көркем сөз, қолөнер шеберлері үйірмелері ашылған. 7 адам жұмыспен қамтылған. Бұл туралы біз Индира Бекенқызымен тілдескенімізде білдік.
Нысандарды аралау барысында басшымен аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев пен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова және ауылдық округ әкімдері бірге жүрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.