Жылу қазандықтарының жайы қалай?

0

Қылышын сүйреткен қыс мезгілінің басты қаруы суығында екені рас. Осы орайда жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу және өткеру үшін ағымдағы жылдың 28 сәуіріндегі №189 қаулыға сәйкес іс-шаралар жоспары бекітіліп, күзгі–қысқы маусымда апатсыз, қалыпты жұмыс жүргізу мақсатында, дайындық жұмыстарын үйлестіру және бақылауда ұстау үшін аудандық штаб құрылған болатын.
Әлеуметтік нысандарға ағымдағы жылы 52,9 млн теңгеге 2789 тонна қатты отын сатып алу жоспарланып, бүгінгі күнге көмірмен 100% қамтамасыз етілген.

Құрғап сөзге көңіл шіркін марқайсын ба?!
Ауданымызда жылыту жүйелері қандай деңгейде? Мекемелерде қалыпты температура сақталған ба? Мектеп, балабақшалар қыстың қыспағында қалып жатқан жоқ па? деген сауалға жауап іздеген Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы Бақытжан Құтжан мен аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Тойбашевпен бірге аудандағы бірқатар әлеуметтік нысанды назарға алды.
Алдымен Нұрлан Күдербайұлы Тоғызтарау ауылындағы Төлеген Тоқтаров атындағы орта мектепке зер салып, жылу таралатын бөлмедегі шаң-тозаңды және пештің айналасын ретке келтіруді тапсырды. Осы ауылдағы ауыз су мұнарасына барғанымыз мұң екен, есіктегі қара құлып ішке кіргізбей қайтарған.
Мұнан соң Өрнек ауылындағы Б.Тайшапұлы орта мектебі мен «Гүлдер» бөбекжайында және аммбулаториялық пунктіде, Б.Кейкиев, Қ.Сартбаев атындағы орта мектеп, Төле би, 2 және Еңбек орта мектебі мен Әкім Тарази атындағы тірек білім ордасында жылыту қазандықтары мінсіз жұмыс жасауда. Қалыпты жылулық сақталған, пештің айналасы ретке келтірілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.