Құмтиында баспана берілді

0

Рухани жаңғыру – ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту. Қазаққа тән асыл қасиеттерді бойға сіңіріп, жақсы нәрселерді үйреніп, жат қылықтардан жирену. Жақыныңа жанашыр болу, көршімен тату тұру, қиналғанға қол ұшын созу – бұның бәрі бізге тән, қанымызда бар қасиет. Қазір бұл қасиеттер ұмыт болып бара жатқандай еді. Десек те, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан айтулы жоба ескіні еске салып, бойымыздағы ізгі қасиеттерді аша түскендей. Соның арқасында «Асар» дәстүрі жанданып, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар үйлі болып отыр.
Қаракемер ауылдық округіне қарасты Құмтиын ауылы да игі істен тыс қалған жоқ. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауылдың тұрғындары 5 ай уақыт ішінде асарлатып 6 бөлмелі тұрғын үй тұрғызды. Баспана Сырғабаевтар әулетіне берілді. Тұрғын үйдің ішіне ауызсу, жылу жүйесі, электр жарығы тартылған. Сырты заманауи үлгіде әрленген. Үйдің іші жылы әрі жинақы. Әулеттің үлкені, асыл әже Зәмзә Қыдырмашова қоныс тоймен құттықтап келген ауылдастарына шашу шашып, көптің көңілін аулап жүр. Округ әкімі Жәнібек Әуелбаев, ауыл қариялары, бәрі-бәрі сонда.
Сырғабаевтар әулетінің қуанышына ортақтасқан аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов: «Асарлатып үй салу» жобасы – республика бойынша біздің облыста ғана жүзеге асырылуда. Күннің ыстығы мен суығына қарамастан осы үйдің соғылуына үлес қосқан ауыл азаматтарына алғысым шексіз. Бүгін бір отбасының арманы орындалды. Ауызбіршіліктің арқасында. Бұл – үлкен қуаныш. Мұндай іс-шаралар көп болсын», – деп ақ тілегін айтты.
Жылы лебіздер легін жалғаған ауыл қариясы Жахан Жоламанов үй иесі Талғат Сырғабаевқа көрімдігін берсе, «Ботабай» ауылдық мешітінің жамағаты атынан «Қазақстан әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы өкілі Марат Оспанов жаңа кілем тарту етті.
Көптің тілегіне қосылған біз де қоныс той құтты болсын дедік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.