Сайлауға арналған семинар-кеңес өтті

0

       Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы мен Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауын өткізу кезінде сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» атты тақырыпта семинар-кеңес өтті.

      Оған аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сержан Садуақасов, хатшысы Мейірхан Жайлау, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері қатысты.

      Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева, облыстық деңгейде арнайы сертификатталған спикерлер Гүлмира Далиева, Бауыржан Стыбаев қатысты.

        Семинар-кеңестің мақсаты  — Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының сайлауын ұйымдастыру, өткізу процесінде кездесетін құқықтық, әдістемелік және тәжірибелік мәселелерді шешу бойынша тыңдаушылардың дағдыларын жетілдіру болып табылады. Сонымен қатар ҚР мәслихаттары депутаттарының сайлау өткізудегі ерекшеліктері сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, аумақтық сайлау комиссияларымен жергілікті атқарушы органдардың өзара әрекеттерін, сайлау процесін ұйымдастыру және сайлау өткізу барысындағы қажетті ұйымдастырушылық және әдістемелік дағдылардың жетілуі, сайлау процесінің құқықтық реттелуі жөніндегі теориялық білімнің тәжірибелік түрде бекітілуін көздейді.

              Семинар-кеңесті аудан әкімі аппаратының басшысы Манарбек Көшкімбаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған спикер Гүлмира Далиева «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауын пропорционалды жүйе бойынша ұйымдастыру мен өткізудің ерекшеліктері» тақырыбында әңгіме қозғады. Спикер өз сөзін саясиландырмай, қарапайым тілмен слайд арқылы баяндап, семинар-кеңеске қатысушылардың сан алуан сұрақтарына жауап берді.  Тақырыпты кеңінен ашу мақсатында ахуалдық тапсырмаларды саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, атап айтқанда, Nur Otan  партиясы, «Ауыл»  халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Ақ жол» партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, коммунистік  халықтық партиясы мен кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен теорияны практикаға ұштастырған тренинг жүргізді.

       Келесі кезекте спикер Бауыржан Стыбаев «Дауыс беру және мәслихаттар депутаттарының сайлауы бойынша  дауыс беру қорытындыларын анықтау тәртібі» тақырыбын негізге алып, тақырыпты  жан-жақты түсіндірді.

       Семинар-кеңес барысында қатысушылар спикерлерге «Сайлау бюлетенінің қанша түрі бар?», «Сайлаушының жеке құжаты болмаса сайлауға жіберіледі ме?»,    «Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер сайлау күні қалай дауыс береді?»  және тағы басқа да көкейлерінде жүрген сан алуан сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.

     Семинар-кеңесті Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева қорытындылады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.