Елдің бағына біткен Жаз-ата

0

       Жақында ауданымыз, тіпті еліміздің мақтанышы болған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақта шопан, қазақтың даңқты қара шалы Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығын атап өткізуге арналған аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, барлық қоғамдық саяси ұйымдар мүшелері, ауданға белгілі еңбек ардагерлері қатысқан жиын өткізілді. Жиында аудан әкімі М.Мұсаев өз сөзінде Жазекеңнің 125 жылдығын облыс, аудан көлемінде атап өтуді келер жылдың мамыр айына жоспарлап отырғанын және Мойынқұм ауылына Жазылбек  ата есімін беру туралы ұсыныс түсіп жатқандығын жеткізді. Осыған байланысты  сіздермен бас қосып, салиқалы ой-пікірлеріңізді тыңдап, ақылдасуға жинаған едік деп сөзін аяқтаған еді.

       Аудан әкімінің сөзінен соң Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, көргенімен түйгені көп, ардақты ағамыз Мақсат Сейдалиев Алматыдағы Жаз- атаның ағайын-туыстарының атынан сөз сөйлеп, ондағы ағайындар атқарған дайындық жұмыстарына тоқталды. Жазылбек атаға арналған өмір жолы туралы кітаптың шығуы, оған Қазақстан ақын-жазушыларының естеліктері, мақалалары, очерктері, дастандары жинақталып енгенін атап өтті. Сондай-ақ Жаз-ата туралы документальды бір сағатты кинофильм түсірілімі аяқталғанын жеткізді.  Кино картинаның бас демеушілері мойынқұмдық жерлестеріміз, ел ағалары Уайділда Омаров пен Берікбол Жапаров ағаларымыз екенін мақтанышпен айтты.

      Менің осы жиынға қатысып, Жазекең туралы   өз ойымды ортаға салып ұсыныс-пікірімді жазуыма тура келді.

      Мен спорт, білім саласының ардагері ретінде  айтарым Жазекеңді көзі тірісінде көріп,  өстім. Ол кісінің 1973 жылдан Жаз-ата атындағы  республикалық қазақ күресі турниріне бала кезден қатысып, 1980 жылдардан 70, 80, 90, 100 жылдық мерейтойларында төрешілік жасап, ұйымдастыру кеңесінің құрамында болып, қызмет жасап күрескенім жас ұлғайған шағымда сағынышпен жиі-жиі еске түседі.

     Бірде Қазақстанға белгілі атақты жаттықтырушы, көп жыл Жазекең атындағы республикалық турнирдің бас төрешісі болған Марат  Жахитов ағамызбен кездескенімде «Жазекеңнің атындағы қазақ күресі турнирі қазақстанға белгілі талай атақты палуандардың әлемдік жарыстарға жол ашқан, ұстаханаға айналып, бағын жаққан жарыс» — деп шынайы жүрек жарды тілек пікірін айтқан еді. Әрине, Жаз-атамыздың атақ абыройы, зор беделінің шарапаты ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, оның ішінде шалғай жатқан Мойынқұм спортының дамуына, қазақ күресі спортының даңқын  республикаға танымал еткенін, жоғары бағалап, мойындауымыз керек деп ойлаймын.

      Осы орайда айтар ұсынысым, Жаз-атаның 125 жылдығы мерейтойы қарсаңында, келер  жылдың мамыр айына дейін ауданның, облыстың ақпарат құралдарында «Естен кетпес ұлы есімдер» тақырыбында естеліктер, сыр-сұқбаттар, жыр толғаулар, эссе, очерк, мақала, естеліктер, қызықты хаттармен тың деректер, фото шежірелер беріліп, аудан мектептерінде Жаз-ата туралы «үздік шығармалар», оқушылар арасында жазба ақындар байқауын жариялау керек. Интернет желісі, жергілікті телеарна арқылы онлайын ашық, тәрбие сабақтары жүргізіліп, бұл іс-шараға аудандық мұражай, кітапхана, жастар, «Мәңгілік ел» орталықтарын тарту қажет.

       Мен 40 жыл өмірімді педагогикалық, жаттықтырушылық  қызметке арнадым. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі көптеген аудан, қалаларда  жарыстарда болдым. «Мойынқұм елінен келдік» — деп танысып сәлем бергенімде «Қайран Мойынқұм, қайран Жаз-ата, тамаша Тұлпарсаз»- деп сағыныш сезіммен қарсы алып, шын қуаныштарын жасырмайтын. Осындай сәттерімде мені мақтаныш сезімі билеп, кісі елінде еліңнің ардақтысы Жазекең, қасиетті туған жерің аталып жатқанда, еріксіз туған жерге деген патриоттық, отан сүйгіштік сезімің оянып, оларға басыңды иеді екенсің.

      Иә, менің бір білгенім, Жаз-ата бүкіл қазақ еліне ортақ, Аланың шапағаты тиген, көзінің тірісінде ерен еңбегімен танылған, киелі қазақтың мақтан тұтар, Мойынқұм жерінің бағы мен ырысына айналған тарихи тұлғасы.

      Еліміз қатерлі індеттен аман шығып, жұртымыз тыныш болсын. Алдымыздағы жаңа жылда Алла сәтін салып,  атамыздың мерейтойында бәрімізді кездесуге жазсын демекпін.

Ерқадыр ЖҰМАБАЕВ,

білім, спорт саласының ардагері,

Мойынқұм ауданының Құрметті

азаматы.

Бірлік ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.