Маңызды мәселелер қаралды

0

Апта басында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен аппараттық жиын болып өтті. Жиынға аудан әкімі орынбасары Сәбит Төлегенов, аудан әкімі аппаратының басшысы Манарбек Көшкімбаев, аудандық мемлекеттік мекеме өкілдері мен бөлім басшылары және ауыл, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

 Жиын басында аудан әкімі Мәден  Мұсаев Радай өзегіне су түсіп кеткенін және оны қырағылықпен үнемі бақылауда ұстап отыру қажеттігін айтып, бұл жұмыстың жауаптылығын өзінің орынбасары С.Төлегеновке жүктеді.

Мұнан соң жиынның күн тәртібінде аудан бойынша барлық мектептер мен балабақшалардағы жылу қазандықтарының жайы сөз болды. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жақсыбек Исақов баяндап, кейбір мектептердің жылу жүйесіндегі датчиктердің дұрыс жұмыс істемей тұрғандығын жеткізді. Аудан басшысы қазір ауыратын емес, жұмыс жасайтын уақыт екендігін айта келе, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Дәурен Қабышевке апта аяғына дейін аудан бойынша барлық мектептердің температуралық режимін (насос, мотор), яғни қазандықтардың қаншалықты стандартқа сай дұрыс жұмыс істеп тұрғандығын бақылап, тездетіп анықтауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде жыл аяқталуға жақын қалған тұста бюджеттің орындалуы,  яғни қаржының игерілуі-игерілмеуі жөнінде жұмысты жедел ширату керектігі айтылып, бұл жөнінде тиісті мекеме, бөлім басшыларына қатаң тапсырмалар берілді. Сондай-ақ аудан басшысы М.Мұсаев: «Ауданымыздағы жағдайы төмен отбасыларды отын-сумен қамтамасыз етіп, оларға барынша көмек қолын созуымыз керек. Өйткені қыстың көзі қырауда отынның отанында отырған мойынқұмдықтар, әсіресе оның ішінде жағдайы төмен отбасылар жаурамай шығуы керек» деп, алдымызда келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылатын аудандағы іс-шаралардың денін қайырымдылық жасау арқылы өткізу қажеттігін  тілге тиек етті. Жиынға қатысушылар қайырымды істің қашанда қайыры мол екенін ұғынғандай, аудан басшысының ұсынысын бірауыздан құптады.

Бұдан кейін «Мойынқұм ауданы әкімдігінің  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мейірхан Төлеулиевтің бірыңғай жиынтық төлем және аудандық орталық аурухананың басшысы Батырбек Үсенбаевтың әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жасаған баяндамалары тыңдалды. Бірінші баяндамада бірқатар ауыл, ауылдық округтерде бірыңғай жиынтық төлемдерді төлеу жұмыстары тұралап қалғандығы айтылса, медициналық сақтандыру бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлем жасамай отырғандығы сөз болды. Сондай-ақ жиында ауданымыздың айнасы саналатын «Мойынқұм таңы» газетіне жазылу науқаны да бірқатар ауылдық елді-мекендерде баяу жүріп,  жоспар үдесінен шыға алмай жатқандығы  сөз болды.

Бұл түйткілді мәселелердің түйінін аудан басшысы апта аяғына дейін ауыл, ауылдық округ әкімдеріне тез арада тарқату керектігін қатаң тапсырды.          Келелі жиында аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы жиынға қатысушылардың тарапынан қойылған сұрақ-ұсыныстарға тиісті жауаптар беріп, алдағы уақытта келе жатқан саяси сайлау науқанына дайындық жұмыстарын пысықтау керектігін ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.