Бизнес өкілдерімен кездесті

0

Осы аптада Nur Otan партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында партияның аудандық филиалының желілік кестесіне сәйкес «Бизнестің жол картасы-2020»  бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартудың маңыздылығы бойынша аудандық мәслихат депутаттары мен партия филиалы саяси кеңесі мүшелерінің аудан кәсіпкерлерімен кездесуі өтті. Кездесуді аудандық мәслихаттың депутаты,  Nur Otan партиясы аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының төрағасы Нұртас Саурықов ашып, жүздесудің мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.

Кездесу жиынында алдымен сөз аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубековке берілді. Ол өз сөзінде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субьектілерінің қаржыландыруға қол жетімділігін арттыруды, өңдеу өнеркәсібі өндірген өнім көлемін ұлғайтуды, бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құруды, кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді  атап өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлердің құзыреттерін арттыруды, іскерлік байланыстарды кеңейтуді мақсат тұтып, жалпы ішкі өнімдегі шағын орта кәсіпкерлікті 33 пайызға жеткізуді, бағдарламаға қатысушылардан түсетін салықтық түсімдер 2017 жылғы деңгейден 2 есеге ұлғайтуды, жаңа 30 мың жұмыс орнын ашуды, жалпы ішкі өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесін кемінде 13,4 пайызға жеткізуді, экономикадағы ортақ кәсіпкерліктің үлесін кемінде 13,7 пайызға жеткізуді көздейтіндігін айтты. Сонымен қатар ол бағдарлама республикалық және бюджет есебінен қаржыландырылатынын, бағдарлама басталғалы (2010-2020 ж.ж) 1,4 млрд. теңгеге 19 жоба жүзеге асырылып,  1314 жаңа жұмыс орындары құрылғанын, өндірілген өнім 185 млрд. теңгені құрап, 4,3 млрд. теңге салық төленгеніне тоқталды. Сондай-ақ  Қуандық Серікбайұлы бағдарламаның «Пайыздық ставкаларды субсидиялау», «Банк несиелері бойынша кепілдік беру», «Гранттық қаржыландыру» сияқты бағыттары бойынша аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Кездесу барысында, оған жиынға қатысушылар тарапынан бизнес, шағын кәсіпкерлікті дамыту, несие беру, жер бөлу сияқты мәселелер төңірегінде бірқатар сауалдар қойылып, оған нақты жауап қайтарылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.