Жәрмеңке тараздықтарға тиімді болып тұр

0

Жылдан жылға кез келген тауардың нарықтағы бағасы біртіндеп болса да қымбаттап барады. «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» демекші, ел-жұрт қанша қиналса да нарыққа өзгеріс енгізе алмайтыны белгілі. Дегенмен азық-түлік қауіпсіздігі мен қымбатшылыққа жол бермеудің бір амалы – төмен бағада жәрмеңке ұйымдастыру.
Бұл мәселе аймақта облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан шешімін тапқан. Нақты айтқанда, бірнеше жылдан бері сенбі сайын облыс және аудан орталықтарында тұрақты түрде жәрмеңке өтіп келеді. Мақсат – өңір тұрғындарын саплы азық-түлікпен қамтамасыз етіп, жұртшылықтың ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағада сатып алуына жағдай жасау. Тараз қаласында сенбі сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жәрмеңкесі осымен екінші мәрте «Grand bazar» сауда орталығының ғимаратында өтті. Жаңадан салынған нысан іші тап-таза, жылы әрі тұрғындардың сауда жасауына өте ыңғайлы. Осы жолы жәрмекекеге Тараз қаласы мен Меркі, Шу аудандарындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен «Өңірлік тұрақтандыру қорының» тауарлары әкелінді.
Қалада дауыл тұрып, адамның жүріп-тұруына қолайсыздық тудырғанымен, сағат күндізгі 11-ге таяу алымсақтардың қарасы қалыңдай түсті. Мұндағы сауда қатарларына бұл жолы құны 16,7 миллион теңгені құрайтын 66 тонна тауар түрі қойылды. Онда 1 келі жылқы еті 1950 теңгеден өткерілсе, оның жаясының құны 2100, қазысы 2300, ал қартасы 1000 теңгеден сатылды. Қой етінің келісі 1800 теңге болса, сиыр еті қой етіне қарағанда бар-жоғы 50 теңгеге ғана қымбат саудаланды. 1 литр сүт пен айран 230-240 теңгеге аралығында болса, сарымсақтың келісі – 130, қырыққабат – 80, картоп пен сәбіз – 90, пияздың бір келісі 60 теңгеден сатылды. Құмшекердің келісі 190 теңге болса, күнбағыс майының 1 литрі 520, макорон өнімдері 200 теңгеден өткерілді.
Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев сауда қатарларын тегіс аралап көріп, өз өнімдерін әкелген шаруа қожалық иелері және қала тұрғындарымен де тілдесті. Тауарлардың нарыққа қарағанда әлде қайда төмен бағада ұсынылу мәнісін өнімнің кәсіпорындар мен шаруа қожалықтардан делдалсыз тікелей жеткізілуімен және саудагердің орын үшін ешқандай ақы төлемейтіндігімен байланыстырды.
– Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі – жабық нысанда өткізілуі. Мұнда осымен екінші мәрте жәрмеңке ұйымдастырылып отыр. Сатушыға да, сатып алушыға да қолайлы. Шаруа қожалықтар әкелген тауар нарықтағы бағадан 5-30 пайызға, ал өңірлік тұрақтандыру қорының тауарлары 50 пайызға дейін арзан. Мәселен барлық жерде құмшекердің 1 келісінің бағасы 240 теңге болса, мұнда 190 деңгеден.
Осындай жәрмеңке аудандарда да сенбі сайын ұйымдастырылуда. Ол жақтарда қазір әлеуметтік дүкендер ашу қолға алынып жатыр. Ал Таразда күн сайын әлеуметтік базар жұмыс істеп келеді. Бұрын жәрмеңке тек 1 желтоқсанға дейін әр аптаның сенбі күндері ұйымдастырылып келсе, енді бұл жыл бойы жалғасатын болады. Баға тұрақты түрде назарымызда болады. Алдағы уақытта мұндағы сауда қатарларына қойылған азық-түлік арзан бағада күн сайын саудаланады деген жоспарымыз бар, – деді Б.Нығмашев.
Жәрмеңкегеде жұрт ет, сүт өнімдерімен қатар картопты да көптеп алып жатты. Сауда қатарының біріне қойылған сиыр еті мен қой тушалары Шу ауданы «Нұрым» шаруа қожалығына тиесілі өнім екенін сатушы Гүлбайра Көптикавамен тілдесу барысында білдік. Ол жай уақытта сиырдың сан етінің 1 келісін 2250 теңгеден сататынын айтты.
– Аталған шаруа қожалықтың ауданда 110 гектар жайылымды, 37 гектар суармалы жері бар. Сиырдан бөлек, бір отар уақ малы бар. Соның ішінде 250 басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Қазір етке өткізіліп жатқан мал, осы бордақылау алаңында байланған, – деді ол.
Меркілік «Иваников» жеке кәсіпкерлігінің иесі Андрей Иваников меркі ауданына тиесілі 200 келі, Қордай ауданынан 150 келі бал арасы өнімін әкеліпті. 7 түрлі бал өнімінің бір келсісі 1500-3000 теңге аралығында.
Өңірлік тұрақтандыру қорына тиесілі мұнда 3 тонна картоп, осыншама көлемде пияз, 2 тонна сәбіз жеткізілген.
– Кароптың келісін 90, сәбізді 55, пиязды әр келісін 60 теңгеден сатып жатырмыз. Көкөністі айтпағанда өсімдік майы, сүт, жұмыртқа, күріш, қарақұмық, ұн секілді азық түліктің 7-8 түрі бар. Картоп Жуалы ауданының «Зылиха» шаруа қожалығының, пияз Жамбыл ауданының «Шарипов» жеке кәсіпкерлігінің өнімі. Қоймада 510 тонна қант, 400 тонна картоп, 300 тонна пияз бар. Жалпы азық-түлік қорының көлемі жеткілікті, – деді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы «Өңірлік тұрақтандыру қорының» қойма меңгерушісі Нұрболат Жұрымбаев.
Жалпы аталған жәрмеңкеде 6 мың дана жұмыртқа, 500 литр өсімдік майы, 2,5 тонна сары май, 500 келі қарақұмық, осыншама салмақта тұз, 300 келі балық, 3,9 тонна ет, 500 келі шұжық, 2,7 тонна сүт, 200 келі кондитер, 1,7 тонна макарон, 42 тоннаға жуық көкөніс, жеміс-жидек өнімдері сатылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.