Тараздың сәулеті дәулетіне сай

0

Тараз қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Қазір 3 миллиард 378 миллион теңге қаржыға 80 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында мердігер мекемелердің демеушілігімен орталық көшелерде орналасқан 41 үйдің қасбеттері де сырланды және 15 үйдің қабырғаларына Нұр-Сұлтан қаласының зәулім ғимараттары мен ұлы тұлғалардың суреттері бейнеленген муралдар салынды.
Сондай-ақ қаланың санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілуде. Қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен 8 мекеме айналысады. Қоқыс тасымалдайтын мекемелермен тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарына жалпы 52 техника жұмылдырылған. «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін өткен жылы 27 арнайы техника алынса, ағымдағы жылы 106 миллион теңгеге қоқыс тасымалдайтын 4 техника сатып алынды.
Қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Атап айтсақ Төле би даңғылының бойындағы сквер мен «Қазақ халқына мың алғыс» монументі пайдалануға берілсе, Адамбаев көшесінің бойындағы Арбаттың құрылысы толық аяқталды.
Сонымен қатар жаңадан соғылатын 14-шағынауданның маңынан «Біз біргеміз» скверінің және Қазыбек би көшесінің бойында «Анаға тағзым» кешенінің құрылыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек Қонаев көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы сквер мен Қант зауыты аумағындағы «Даңқ» аллеялары абаттандырылды. Сөздің тоқетері көне шаһар күн өткен сайын құлпыра түседі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.