163 аула абаттандырылды

0

Қоғамда баланың өй-өрісі мен қиялына қанат бітіру мәселесі ешқашан назардан тыс қалмаған. Алыстан мысал іздемей-ақ, солай екеніне шаһарымыздағы кез келген тұрғын үй аулаларындағы бүлдіршіндерге шаттық сыйлайтын балалар ойын алаңдарынан аңғаруға болады. Биыл Тараз қаласында 163 аула алаңына толықтай абаттандыру жұмыстары жүргізілген екен.

Жаңғырту жұмыстары барысында ондағы ойын алаңдары қызылды-жасылды түске боялып, балалар ойнайтын алаңдар барынша безендіріліп, құм да төгілгенін көргенбіз. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы көп көңілінен шыққан игі іс жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқанын айтады.
– Тараз қаласында 163 жоба негізінде аулаларға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу мамыр айының соңында басталған. Жалпы абаттандыру жұмыстарын 16 мердігер компания жүргізді. Ең көп жобаны жүзеге асырушы мердігердің бірі «Ерк Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 35 жобаның 28-ін аяқтап, қалған жетеуінің жұмысы жақын күндері аяқталады деп күтілуде, – дейді З.Тұрсынұлы.
Бір айта кетерлігі, жаз айында аула алаңдарын абаттандыру кезінде мердігерлер тарапынан әткеншек, сырғанақ, күрке және тұрғындардың қажеттілігін өтеуге арналған киім-кешек кептіргіштерді орнату барысында бірқатар кемшіліктерге жол берілген болатын. Бұл тұрғындар тарапынан да мәселе етіп көтерілген-ді. Осы орайда біз Зият Тұрсынұлынан аталған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын да сұрадық.
– Сол кезде Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев пен орынбасары Асхат Есеналиев арнайы жиын өткізген. Жиынға аулаларға жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан барлық мердігерлер қатысты. Басқосуда аталған мәселелер сынға алынып, мердігерлерге тиісті тапсырма берілді. Қазіргі уақытта мердігерлер кеткен кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар алаңдағы ескі балалар әткеншектерін, орындықтарды, ойын құрылғылары мен қосымша жабдықтарды қалпына келтіру, сынғанын бүтіндеу, сырлау жұмыстарын жүргізу де тапсырылып, орындалуда, – деді З.Тұрсынұлы.
Расымен-ақ абаттандырылған аулалардағы әртүрлі әткеншектер мен темірден жасалған қарапайым спорттық құрылғылар, ондағы көрініс көзге ертегі қалашығын елестетеді. Бүлдіршіндердің бейқам ойыны мен алаңсыз күлкісі де ойын алаңдарының сәніне айналған. Ұл-қызының қылығына сүйсіне қараған ата-аналардың жүзінен де қуаныштың табы сезіледі.
– №2 үйдің көп жылдан бергі тұрғынымын. Мұндағы бір-біріне қарама-қарсы орналасқан, аумағы ауқымды №1,2,3,4,5 үйлердің ауласында бұған дейін балалар ойын алаңы болмаған еді. Биыл жаз шыға әсем де, көрікті балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Төңіректегі мектеп жасындағы балалар үшін бұрын ойын алаңы қат болса, қазір бұл мәселе өз шешімін тапты. Осы күні немерелерім көз алдымда ойнап, көңілім жай тапты. Ілкімді істің жүзеге асуына себепкер болған қала басшылығына айтар алғысым шексіз, – дейді «Қаратау» шағынауданының тұрғыны Дәмеш Зейнәбіл есімді әжей.
Аталған жобалар жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы бағдарламасы аясында іске асқанын ескерсек, мұның жұмыссыз жүрген азаматтар үшін де тиімді болғаны анық. Мәселен Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы абаттандыру нысандарының құрылысына 506 жұмыссыз азамат жолданыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.