Арық жүйелері қалыпқа келтірілуде

0

Көктемдегі жауын-шашында немесе күн жылт еткенде ұзақ жатқан қалың қар жібіп, одан пайда болған шалшық су жылжи ағып, арық-атыздарға барып құятыны белгілі. Сондай сәтте Тараздағы көп жылдардан бері көміліп, алды бөгелген арық және лотоктардағы ағын су арнасынан асып, салдарынан кейбір көшелерде кішігірім көлшік пайда болады. Жауын мол түссе, кейбір тұрғын алқаптарда жерасты суы көтеріліп, тұрғындардың тобықтан су кешуіне тура келеді. Осы жайттар соңғы уақытта қоғамда оқтын-оқтын көтеріліп жүр.

Бұл негізінен Тараз қаласының ирригациялық жүйелері ескіріп, жарамсыз күйге түскенінен орын алып отырған жайт. Қала берді саябақтар мен демалыс орындарының, көгалдардың жасыл желекке орануының да қаланың ирригациялық жүйелеріне тікелей қатысы бар. Бүгінде тозығы жетіп, тұйықталған ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру мақсатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыс орталығында нақты жұмыстардың қолға алынғаны белгілі. Нақты айтқанда өңір басшысы Тараз қаласының ирригациялық жүйелерінің жай-күйімен танысып, өзекті мәселе шешімін табуы үшін тиісті мамандарды қатыстыра отырып, жиын да өткізген. Нәтижесінде арнайы жұмысшы топ құрылып, шаһардың ирригациялық жүйелерін жетілдіру және қаланың бас гидроинженерлік қызметін қайта қалпына келтіру жөнінде тиісті орындарға тапсырма да берген болатын.
Жалпы Тараз қаласы аумағында ұзындығы 82,55 шақырымды құрайтын «Сеңкібай», «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» «Базарбай», «Түйте» сынды бас-аяғы 8 каналдың жағдайы сын көтермейді. Көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, тазартылмаған кейбір каналдарда қамыс қаулап өссе, тағы бірі қоқыстан көз ашпай қалған. «Базарбай» каналы «ҚазСуШар» мекемесіне тиесілі болса, ал «Түйте» каналы «Түйте суы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде екен. Бүгінде «Түйте» каналына секундына 6 текше метр ағын су көршілес Қырғыз Республикасынан келіп құйылады. Сонымен қатар жол бойындағы суармалы егістіктерден шыққан ақаба мен жерасты сулары арқылы қала аумағына кіретін су көлемі 8 текше метрге ұлғайған. Әрмен қарай «Үшбұлақ», «Қапал» каналдары арқылы теңдей бөлініп, қаланы қақ жарып өтетін және өзге де каналдар мен 2 дренажды каналдағы ағын су тиімді пайдаланылса, Тараз қаласы аз жылда гүлзар баққа айналатыны анық.
– Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін қазына қаржысынан 150 миллион теңге бөлінген. Негізінен қаланың ирригациялық арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 164 шақырымды құрайды. Оның ішінде 21,4 шақырымы лоток болса, 560 құбыр өткелі бар. Каналдағы су қалқаншасының саны 71-ді құрайды. Қаралған қаржының ішінде арық жүйелері мен құбыр өткелдерін тазалауға 80 миллион теңге бағытталса, 60 миллион теңге каналдарға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу үшін бөлінді. Сондай-ақ «Қант зауыты», «Төрекелді» каналдарының арнасын тазалауға 6 миллион, «Қант зауыты», «Қарасай» алқаптарындағы арық жүйелерін, құбыр өткелдерін тазалауға 4 миллион теңге жұмсалды.
Біздің мекеме мердігер компания «Тараз-Ирригация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасты. Қазір біршама жұмыстар қолға алынған, – дейді Тараз қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрбол Әкек.
Атқарылған жұмыстарға көз жүгіртсек, біршама іс тындырылыпты. Мәселен Байзақ батыр көшесінен Саңырақ батыр көшесіне дейін ұзындығы 1,4 шақырым «Тайвань алқабын құрғату» дренаж каналы және «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабындағы «Үшбұлақ» каналының 800 метр арнасы механикалық тазалаудан өткен. Шостакович көшесінен Тәуке хан көшесі аралығындағы «Қарасу-2» каналына да механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліпті. Бұдан бөлек қала аумағындағы орталық көшелердің арық жүйелері тазартылған. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы бағдарламасы аясында қала аумағындағы арық жүйелерінің лоток желісін ауыстыру жұмыстары да қолға алыныпты. Бұл бағытта мердігер мекеме «Корпорация Силур» серіктестігі құны 381 миллион 209 мың теңге болатын лотоктарды ауыстыру жұмысын бастапты. Бүгінгі таңда жоспарлы 21 шақырым лоток жаңасына алмастырылған. Дегенмен тексеру барысында ішінара анықталған кемшіліктерге байланысты көше бойындағы жаңартылған лотоктарға қатысты біткен істі қабылдап алу кейінге қалдырылып отырған көрінеді. Осы секілді жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы бағдарламасы аясында «Үшбұлақ» каналының арнасы, «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы аумағындағы дренаж каналы тазартылыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.