Көне шаһарда көлік қозғалысына қатысты мәселелер туындамайды

0

Екі мың жылдан аса тарихы бар Тараз қаласының бүгінгі келбеті, ажары мен абаты кісі көңілі тоятындай кейіпте. Бұл сөз жоқ соңғы жылдары қаланың көркін аша түсу үшін қолға алынған жемісті жұмыстардың нәтижесі. Осы күні қала ішінде саябақтар мен түрлі демалыс орындарының жаңғырып, тарихи-мәдени маңызы бар нысандар мен заманауи үлгіде бой көтерген ғимараттардың сәулеттік келбетіне қатысты қала тұрғындарының кез келгені тек жағымды пікір айтады. Бұл қазіргі таңда шаһарымызда тұрғындарға арналған жайлы орта қалыптаса бастағанының белгісі.

Осындай қарбаласқа толы қалада шешімін күткен түйіткілді мәселелердің болмауы да мүмкін емес. Соның бірі және ең өзектісі – жол мәселесі.
Негізінде мүлдем асфальт төселіп көрмеген шаһардың кейбір тұрғын алқаптарындағы көшелер мен ойдым-ойдым болып, тозығы жеткен жолдар қала тұрғындарын жылдар бойы толғандырып келген еді. Десе де уақыт өткен сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып, әр жылдары облыс орталығының келбетіне жіті көңіл бөлінгелі бұл мәселе де біртіндеп шешімін таба бастады. Мәселен соңғы екі жылда аталған салада жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде кейінгі кездері салынған шағынаудандар мен тұрғын алқаптағы көшелерге асфальт төселіп, жарықтандырылды. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан 15-шағынауданның өзінде бірнеше жол бүгінде асфальтталып, кейбіріне шағалтас төселіпті.
Ағымдағы жылы Тараз қаласы көшелерін және жаяу жүргінші жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін 100 жоба қолға алынып, жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Тарқата айтқанда, құны 3 миллиард 334 миллион теңге болатын қаржыға орта жөндеуден өтіп жатқан көшелер мен жаяу жүргінші жолдарының жалпы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайды. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Дамир Аймановтың айтуынша, қазіргі таңда аталған 100 нысанның 95-інде жұмыс қызу жүріп жатыр, қалған нысандардың мердігерлері анықталу үстінде екен.
Ал Тараз қаласы көшелерін ағымдағы жөндеуге қалалық бюджеттен 200 миллион теңге бөлініпті. Қазіргі таңда бір аумақта жатқан 35 мың 796 шаршы метр болатын көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Негізінде жол мен көлік мәселесі өзара байланысқан ең өзекті салалар. Сондықтан кез келген шаһарда көлік қозғалысына қатысты мәселелер туындамас үшін оның алдымен жолдарының сапалы әрі тақтайдай тегіс болуына баса мән беріледі. Тараз қаласында жүзеге асып жатқан 100 жаңа жоба осындай мәселені болдырмаудың басты амалы екені анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.