Бірқатар тапсырмалар жүктеді

0

Аудан  әкімі Б. Жақсылықов  жұмыс  алгоритміне сәйкес ауылдық округтерді аралап, халықпен кездесу жиындарын өткізуде. Өткен аптада  аудан әкімі Б.Жақсылықов, аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, аудан әкімінің орынбасары О.Көкей Жаңаталап ауылдық округіне ат басын тіреді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Ұйым ауылында  салынып жатқан үйді көрді. Аудан әкімі округ әкімі  Т. Абдраевқа үй ауласын ретке келтіріп, ауыл тұрғындарын  ұйымшылдыққа,  қайырымдылыққа шақырып,  сыртқы қоршау орнату керек екенін айтты.

Одан кейін Ұйым және Жаңаталап ауылдарындағы Жаңадан салынып жатқан ауыз су жүйесінің құрылысын көрді.  Құрылыс салып жатқан мердігер компания өкілі М.Масатаев өз сөзінде қазіргі таңда ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ұйым ауылындағы ауыз су 220 метр тереңдікте болатынын, қазіргі таңда  90 метр тереңдікке  жеткенін айтты.  Ал, Жаңаталап ауылындағы 110 метр қазылып, ауыз су шыққанын және  құбыр жүйелерін жалғау, дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатқанын түсіндірді.  Аудан әкімі Б.Жақсылықов серіктестік өкіліне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі тиянақты жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар  Жаңаталап ауылдық клуб үйінде аудан әкімі Б.Жақсылықовтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті.

Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы С.Бегеев, аудан әкімінің орынбасары О.Көкей, мекеме, кәсіпорын басшылары, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы,  аудандық полиция және ауылдық округ тұрғындары қатысты.

Жиын барысында ауылдық округ әкімі Темірлан Абдраев «Жаңаталап ауылдық округі бойынша жыл басынан бері  атқарылған жұмыстар туралы»  хабарламасы тыңдалды. Округ бойынша  атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, жыл ішінде іске асырылған жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын  айтып, алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарымен бөлісті.

Жиын барысында жарыссөзге шыққан «Б-Мақсат» шаруа қожалығының мүшесі А.Бегаулов, Жаңаталап ауылынан Жарқұдық, Қырықкепе жерлеріне шығар жолдағы көпір құлауға айналған. Аталған көпірді жөндеуден өткізіп, қалпына келтіруді сұрады.

Бұл сұраққа ауылдық округ әкімі Т.Абдраев, алдағы уақытта көпірге  жөндеу жұмыстары  жүргізілетінін  айтты.

Жаңаталап ауылының тұрғыны, зейнеткер Қ.Жайханов Жаңаталап ауылына бұрын кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, үй-үйдің қора-жайларына дәрі шашылатын. Екі жылдан бері шашылмай жүргенін  жеткізді.

Одан кейін «Ерболат-К» шаруа қожалығының төрағасы, зейнеткер, М.Есжанов Ұйым ауылындағы «Сарыөзек» каналына салынып жатқан бетон латоктар Тараз бағыты жол бойында орналасқан «Сәтті сапар» белгісіне дейін жеткізілсе деген  және Жаңаталап, Ұйым ауылдары тұрғындарының 4 түлік малын жаю үшін Қарғайлы, Күмістөбе, Торанғы және Сорбұлақ жерлерінен мал жайылымына құдық қаздырып, жер учаскесін беруді сұрады.

Жаңаталап ауылының тұрғыны, зейнеткер Н.Сұлтанбеков, ауыл тұрғындарының мал жайылымына берілетін жер учаскесін ауыл әкімшілігінің теңгеріміне алынып, жайылымдық жерге бюджеттен құдық қаздыру керектігін және  егістік жерлеріне су жеткізу үшін «Тасарық» каналына да латок салу керектігін айтты.

Аудан әкімі Б.Жақсылықов ауылдық округ әкіміне Жаңаталап және Ұйым ауылдарының егістік алқаптарын суландыру үшін қандай каналдар мен арналарға латок салу, тереңдету,  тазалау жұмыстарын жүргізу керектігін зерделеуді, жайылым жер учаскелеріне құдық қаздыру жолдарын қарастырып, жобалық сметалық құжаттарын әзірлеп, бюджетке сұраныс беру керектігін айтты.

Сондай-ақ, Жаңаталап және Ұйым ауылдарына жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесін әр тұрғын үйлеріне кіргізу жұмыстарын ұйымдастыру керектігін, көше шамдарын ретке келтіріп, жарықтандырылмаған көшелерге көше жарығын орнатуды және «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабын көгалдандыруға су жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдауды  тапсырды.

Жиынды аудан әкімі Б.Жақсылықов қорытындылап, көтерілген мәселелер бойынша  іс-шара жоспары жасалынып, бақылауға алынатынын жеткізді. Ауыл тұрғындарын алдағы атқарылатын жұмыстарға қолдау көрсетулерін сұрап, ауыл тұрғындарын ұйымшылдыққа, бірлікке шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.